2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 72,7 мың отбасындағы 385,6 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 55,9 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
— табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 қыркүйекте АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 119,5 мың балаға 3,7 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.
Шымкент қаласында 8 айдың қорытындысымен 8 227 отбасыдағы 42 866 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (11 812 отбасыдағы 59 994 адам) 30,4 пайызға төмендегенін көрсетеді.
Атаулы әлеуметтік көмек екі бағытта — табысы аз отбасыларға ақшалай төлем жүргізу және жұмыспен қамту шараларына тартуға жолдама беруді жүзеге асырады.
Сонымен қатар, 1-6 жас аралығында атаулы әлеуметтік көмек тағағайындау кезінде әр балаға ай сайын 1,5 АЕК (5 538 теңге) қосымша төлем қаралған. Шымкент қаласында 8 айдың қорытындысымен 7 302 отбасыдағы 14 329 балаға дәл осындай төлем жасалды.
Қаламыздағы АӘК-ке өтініш білдірген отбасылардың 12 092 азаматы жұмысқа жарамды екені анықталған. Оның ішінде 7 281 азаматтың жұмысы бар. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде 330 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты.
Оның ішінде 211 адам тұрақты жұмысқа, 43 адам қоғамдық жұмыс орындарына, 12-сі «Жастар практикасы» бағдарламасына, 17 адам «Әлеуметтік жұмыс» орындарына және 47 адамның кәсіпкерлік жобаларына қолдау көрсетілді.