Халықтың деректер базасының көрсеткіштері бойынша 14 қарашада таңғы сағат 8:10-да 5 бала дүниеге келіп, халық саны 20 миллионға жетті. Қазақстанның 20 миллионыншы азаматтары Ұлытау мен Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген. Олардың үшеуі ұл, екеуі қыз. Жаңа туған бес нәрестеге «Отбасы банктен» тұрғын үй үлесі үшін 2 млн теңге сертификат берілмек.
Әлеуметтік-экономикалық бағыттағы реформалар Президентіміздің Жолдауында жыл сайын көрініс тауып келеді. Халық саны екі жолмен – табиғи өсім арқылы және көші-қон жолымен көбейеді. 2012 жылдан бастап елімізде халық санының тек табиғи өсім, яғни, туу көрсеткішінің жақсаруы арқылы көбейіп келе жатыр. 2020 жылы туудың жиынтық коэффициенті бір әйелге орта есеппен 3,1 баладан, ал, 2021 жылы 3,3 баладан келді. Бұның өзін кейбір сарапшылар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы отбасыларға белгіленген жәрдемақының енгізілуімен байланыстырады.
Президент Жолдауында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзарту мәселесі қозғалды. Сондай-ақ, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына олардың баспана немесе білім алуы үшін аударуына мүмкіндіктің берілуі. Жолдаудағы ана мен баланы, балалы отбасыларды қолдауға арналған бұл және басқа да әлеуметтік өзгерістер тиімді іске асып, туу деңгейінің төмендемеуіне, тіпті жоғарылауына да оң әсерін тигізуде. Халық санын көбейтудің екінші жолы ретінде Президентіміз қандастардың көші-қон мәселесіне баса назар аударды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 7 415 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 95,3 мың этникалық қазақ оралған. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкент қалаларына қоныстанған.
Гүлбану ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері