Бүгін Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтың туған күніне орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға Шалатай Мырзахметов, Орынбай Рахманбердиев, Арысбек Тәжиев, Бекет Тұрғараев, Құлбек Ергөбек сынды қоғам қайраткерлері, оқытушы-профессорлар, ардегер-ұстаздар, сондай-ақ Ө. Жәнібековтің немере қарындасы Айғаным Аманқызы қатысты.
Жиынға жиналғандар Ө. Жәнібековтің естеліктерімен бөлісті, ұлт тұлғасын ұлықтау, келер ұрпаққа таныту жолындағы бірқатар маңызды ұсыныстарын да ортаға салды. Университитет басшысы Гүлжан Сүгірбаева 85 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне қоғам қайраткерінің есімінің берілуімен құттықтап өтті.
–Биыл комиссия шешімімен оқу ордамызға Өзбекәлі Жәнібековтың есімі берілді. Шынында ол — Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов салған сара жолды жалғастырып, ұлтты ояту жолында қалтқысыз қызмет етті. Мемлекеттік деңгейдегі жауапты қызметте жүрген жылдарында қолынан қаламы түспей, ұлт үшін аянбай еңбек етті. Сондықтан да тарихи тұлғаны бүгінгі жастар тануы керек. Ол үшін біздің оқу орны да өз үлесін қосады. Алдағы уақытта да үлкен жоспарларымыз бар, – деді Г. Сүгірбаева.
Сондай-ақ келелі жиында Орталық саябақты Ө. Жәнібековтың есімімен атауды ұсынылды.
Айта кетейік, ұлт жадында мәңгі сақталған Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының мәдениетін, ана тілін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын дамытуға үлес қосқан ұлы тұлға. Ұлттық руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесін, мәдениет саласының өрістеп дамуына, ұлттық мәдени құндылықтардың қайта түлеп жаңғыруына сіңірген еңбегін Ұлт ұстазы ретіндегі бейнесі арқылы ашып көрсетті. Ұлт мүддесі үшін өлшеусіз еңбектерін арнаған қоғам қайраткерінің туғанына биыл 92 жыл толып отыр.