073/е нысанындағы анықтаманы енді eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы  рәсімдеуге болады

073/е

 Жүргізушілердің ыңғайлылығы үшін 073/е нысанындағы медициналық анықтама енді eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Бұған дейін бұл қызметті eGov.kz порталында рәсімдеуге болатын және ол іске қосылғаннан бері қазақстандықтар 7 мыңнан астам анықтама рәсімдеді.

073/е нысанындағы медициналық анықтама – көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайтын барлық жүргізушілер үшін міндетті құжат.

Бұрын азаматтар анықтаманы тек қағаз түрінде, терапевт, психиатр-нарколог, офтальмолог және отоларинголог мамандарынан медициналық тексеруден өткеннен кейін ғана ала алатын. eGov.kz порталында қызмет іске қосылғаннан кейін бұл процесс айтарлықтай жеңілдеді – пайдаланушылар медициналық тексеруден өтіп, электрондық үкімет порталында өтінім берген соң анықтаманы электронды форматта рәсімдей алатын болды. Енді құжатты алу одан да оңай – eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалану жеткілікті.

Қызметті пайдалану үшін:

  • eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту қажет;
  • «Қызметтер» — «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдау керек;
  • «№ 073/е нысан бойынша медициналық анықтама беру» қызметін таңдау қажет;
  • өтінімге Face ID/Touch ID арқылы қол қою қажет.

Өтінім жіберілгеннен кейін анықтама пайдаланушының Жеке кабинетінің тарихында PDF форматында қолжетімді болады. Құжат оны алған сәттен бастап бір жыл ішінде жарамды.

Жаңартылған функционал ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.

«ҰАТ» АҚ Қоғаммен байланыс басқармасы