6 тілде еркін сөйлейтін полиглот полицей

Шымкент сақшылары арасында мемлекеттік тілден бөлек тағы 5 тілде еркін сөйлейтін погонды ару бар. Ол — туристерге қызмет көрсету тобының инспекторы Диана Есенгельдиева.

Жастайынан шет тілдерді  меңгеруге бейім болған Диана 2021 жылы «Тіл шебері»  республикалық байқауының жеңімпазы атанған. Полиция капитаны қазақ, орыс, ағылшын, неміс, өзбек және түрікше еркін сөйлейді. Ана тілінен кейін неміс тілін ерекше жақсы көретінін айтады. Қазіргі таңда, испан тілін үйренуді жоспарлап жүр екен. 

—    Біздің білім деңгейіміз полицияның айнасы. Қала қонақтары біздің сөйлеу мәдениетіміз бен оларға деген ілтипатымызға қарап, еліміздің полициясы туралы пікір қалыптастырады. Сондықтан, көмек сұрай келген азаматтарға қолымнан келгенше қызмет көрсетемін – дейді, Диана Рустамқызы.

Ал,  хоббиі туралы сауалымызға овчарка итке деген махаббатым ерекше деп жауап берді.  Оған себеп, 8 жасында көрген «Комиссар Рекс» фильмі екен. Бүгін де,  Диана сол фильмнің кейіпкеріндей полиция саласында жұмыс істейді және дәл сол кинодағыдай 3 овчарка итті өсірген. Бос уақытында сол төбеттеріне көңіл бөліп, олардың күтімімен айналысқан екен. Погонды арудың бұл оқиғасы армандардың орындалатынына нағыз дәлел десек артық айтпаймыз. 

—    Иттер маған қарбалас өмірден бір сәт демалуға мүмкіндік береді. Олардың жанында уақыттың қалай өткенін де байқамаймын. Есесіне соған тұрарлықтай еркіндікті, тыныштық пен мейірімділікті сезінемін. Осы уақытқа дейін 3 ит асырадым, үшеуі де сондай ақылды болды. Оларға қызметтік иттер сияқты бұйрыққа бағынуды үйреттім. Кейде, адамдар мені кинолог деп те ойлап қалатын – дейді, сақшы қыз. 

Жедел қызметті жаны сүйетін полицей, жұмыс  барысында қиындыққа тап болған азаматтарға барынша жылдам көмектесуге тырысатынын айтады. 

Мәселен, күні кеше ұялы телефонын жоғалтып алған Үндістан азаматына 40 минут ішінде смартфонын қайтаруға себепкер болған. Шаһардағы медициналық академияда оқитын шетелдік жігіт, телефонын жоғалтып алғанын айтып полицияға жүгінген. Диана Есенгельдиева шұғыл әрекет етіп, жанындағы достарының такси қосымшасы арқылы жүргізушіге байланысқа шыққан. Алғашында «ешқандай телефон жоқ» деп қысқа қайырған ер адам, тәртіп сақшысының ескертуінен кейін көлік ішін қарап, смартфонды жолаушылар орындығының астынан тапқанын айтып қайтарып берген.

Өз кезегінде, шетел азаматы полицейге жылдам әрі адал қызметі үшін  шынайы ризашылығын білдірді.