Түркістан облысы елді мекендерді газдандыруда елімізде көш бастап тұр. Халық санымен есептегенде, 1 млн 750 мыңнан астам халық немесе облыс тұрғындарының 81,5% табиғи газбен қамтылған. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызы. Яғни, газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Биыл 75 мың халық табиғи газбен қамтылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба Түркістан облысы бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Өткен жылы өңірде 45-тен астам елді мекен газдандырылған болатын, бұл көрсеткіш республикада өңірлер арасындағы ең жоғарғы нәтиже болды. Сондай-ақ Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-тан астам газ нысандарының мәселесі шешілді. 1,5 жылдың ішінде сақалды құрылыс ретке келтіріліп, 120 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен жүзеге асуда.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалды ағымдағы жылы да осы қарқынды төмендетпеуді тапсырған болатын. Тиісінше, биыл да облыста 54 нысан құрылысы аяқталып, 47 елді мекенде 75 мыңға жуық халыққа көгілдір отын жеткізу бойынша жобалар іске асырылуда. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Самұрық Қазына қоры арқылы қосымша 10 млрд.тг бөлініп отыр. Аталған қаражаттарды бөлуде Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына орай газдандыру көрсеткіштері төмен Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Бәйдібек аудандарына басымдық берілуде.
Осы және басқа да газ мәселелері бойынша бүгінгі мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков баяндады. Халық санының өсуіне және экономикалық даму әсеріне байланысты қолданыстағы газ тарату станцияларының қуаттылығы жеткіліксіз болуы себепті өткен жылы облыста 2 газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы дәл осындай газ тарату станциялары Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында ел игілігіне пайдалануға берілді. Ал, жыл соңына дейін тағы да 3 газ тарату станциясын іске қосу жоспарда екендігі баяндалды. Жиын қорытындысы бойынша облыс басшысы тарапынан бірқатар тапсырмалар берілді.
– Газдандыру қарқынын тоқтатпауымыз қажет. Сондай-ақ газ жеткізілген соң абоненттеу жұмыстарын жергілікті атқарушы орган мен «КазТрансГаз» ұйымы бірлесіп нақты шараларды қабылдау қажет. Жобалардың мерзімінде аяқталуы — жауапты тұлғалардың басты міндеті,- деді облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.
Тұрақты жұмыс нәтижесінде биыл Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 % -ға жетеді. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» облыс әкімдігімен бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізеді. Жалпы, елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасатын болады.