Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин жолдардағы күрделі жағдайға байланысты жүргізушілерге тағы да ескерту жасады.
Қарлы боран, көктайғақ, көріну мүмкіндігі шектеулі. Салдарынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының 163-тен 230-шақырымына дейінгі учаскесі (жаңа Қордай асуы), «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының Астана қаласы бағытындағы 125-шақырымы, Түркістан облысымен шекарада Шақпақ ауылы маңындағы Күйік асуы жабылды.
— Ауа-райы жақсарғанға дейін аталған аумақтар сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жабылады. Шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұраймын. Сағат сайын бізге бұзылып қалған машиналар туралы хабарламалар түсуде. Тас жолдарда 1000-нан астам автокөлік кептеліп тұр. Полицияның 750-ден астам қызметкері оларға көмектесіп, тәулік бойы кезекшілік етуде. Біз қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасында жұмыс жасаудамыз, — деп атап өтті департамент бастығы.
Оның сөзінше, кейбір жүргізушілер шектеулерді елемеуге тырысып, өздерінің ғана емес, жолаушылардың да өміріне қауіп төндіруде. ПД бастығы барлығын ауа-райының жақсаруын күтуге және алыс сапарларды бірнеше күн кейінге қалдыруға шақырды.
Жамбыл облысы ПД