Интернет алаяқтарынан қалай қорғану керек?

Жыл басынан бері Түркістан облысында интернет алаяқтық қылмыстары өскен. Интернет алаяқтардың құрығына түспеу үшін жеке құжаттағы мәліметтер мен банк картасындағы мәліметтерді аударымдар туралы квитанцияларды, кодтар мен код сөздерді өзін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырғандарға, интернет сатушыларға бермеу керек, дейді мамандар. Жеке деректерді тексерілмеген сайттар мен басқа да желілердегі «карта енгізіңіз» деген орындарға жазуға болмайды. Интернеттен қосымшаларды жүктеу үшін тек App Store мен Play Market-ті пайдалану керек, күмәнді сілтемелерді басыып, телефонға қосымша жүктеуден сақ болу қажет. Төлем жасау үшін картаның 16 саны жеткілікті. Ал CVV-код, код сөз, ЖСН және басқа да деректерді сұрап жатса, алаяқтар болуы мүмкін.

Қылмыскерлер ақша жымқыру мен жеке мәліметтерді алуға, аккаунттар мен электронды шоттарға қол жеткізуге бағытталған әрекеттерді жасап келеді. Тәжірибе көрсеткендей, бір алаяқтың соңынан заңсыз әрекеттердің тұтас тізбегі жалғасып жатады. Қылмыс жасау үшін түрлі банк шоттары, карталар, сондай-ақ басқа адамдарға рәсімделген абонеттік нөмірлер пайдаланылады. Қылмыстардың жалпы ауқымында 10 пайыздан астамы алаяқтыққа тиесілі.

Осы орайда интернет алаяқтарынан сақтану үшін мамандар келесі кеңестерді ұсынады:

Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.

Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.

Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз.

Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болыңыздар.

Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ, банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз.

Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fi-нүктелеріне сенбеңіз, сонымен қатар өз аутентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз.

Бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз, ал егер Сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефоны арқылы дереу жүгініңіз.

Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз.

Күдікті интернет-ресурстар немесе ақшалай пайдаға үміттендіретін сілтемелер айқындалған жағдайда KZ-CERT қызметіне (1400 (тәулік бойы) нөмірі, қызмет сайты, Telegram мессенджеріндегі «ҚР ақпараттық қауіпсіздігі» тобына не жеке хабарлама жіберу арқылы) хабарлаңыз.

1.Сізге қоңырау шалушы ақша және оны «жоғалтып алмау» туралы әңгіме қозғай бастаса, бірден сөйлесуді үзіп жіберіңіз!

Банк қызметкері сіздің құпия деректеріңізді ешқашан сұрамайды және бірінші болып қоңырау шалмайды. Егер олар операцияны күдікті деп санаса, онда олар сіздің шотыңызды бірден бұғаттап, кейіннен оның анық-қанығына жетеді.

Сізбен қаржы алаяқтарының хабарласқанына көз жеткізу үшін, бірден өзіңізге қызмет көрсетілетін банкке жедел желі нөмірі арқылы хабарласыңыз. Ешқашанда телефон қоңырауы келіп түскен нөмірге қайта хабарласпаңыз. Алаяқтар кез келген тіпті төрт таңбалы телефон нөмірлерін де заманауи технологиялардың көмегімен ауыстыруды үйреніп алған.

2. Бірінші болып қоңырау шалған адамға өз деректеріңізді беруге асықпаңыз, банкте деректеріңіздің онсыз да бар екенін ұмытпаңыз!

Шын мәнінде банкте жұмыс істейтін банк менеджері сізге хабарласып, тегіңізді; паспорт деректеріңізді; қандай картаның рәсімделгені, онда қанша ақша қалғанын нақтыламайды. Банкте сіздің толық қаржылық досьеңіз – кредиттік тарихыңыз бар. Сондықтан да банктің қызметкерлері ешқашан телефон арқылы осы мәселелер бойынша хабарласпайды. Бұл ақпарат тек алаяқтар үшін ғана маңызды болып келеді.

Есіңізде болсын, банктер клиенттерден: карточканың толық нөмірін; оның жарамдылық мерзімін; CVC/CVV; интернет-банкингтің логині мен паролін; код сөзін, SMS-хабарламаның кодын телефон арқылы сұрау үшін ешқашан қоңырау шалмайды. Банк бұл деректерді сіз өзіңіз қандай да бір мәселені шешу үшін сол жерге қоңырау шалған жағдайда ғана сұрата алады. Мысалы, шетелге барған кезде картаны бұғаттан шығару үшін, қайта шығарылған картаны қайдан алуға болатындығын нақтылау және т.с.с. Егер олар сізге қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, осындай ақпаратты сұраса, тіпті автоматты жауап бергішке айту керек болса да, күмән жоқ – бұл алаяқтар.

3. Егер телефон алаяқтары сізді қорқытуға тырысса, үрейленбеңіз!

Сіздің картаңызбен күрделі мәселе бар деген үрей тудыратын мәлімдемеге ең жақсы жауап: «Мен қазір тексеру үшін банкке қоңырау шаламын немесе өзім барамын». Қоңырау шалушы бірден телефонды өшіретініне сенімді болыңыз.

Аяушылық ойыны

Басқа алаяқтық схемасы қайырымдылық тақырыбымен байланысты. Мысалы, әлеуметтік желілерде сізді мұқтаж жандарға, жануарларға көмектесуге шақыруы мүмкін немесе көшеде қолдарында балалардың, мысықтардың немесе иттердің суреттері жабыстырылған мөлдір қораптары бар жастар келіп көмек сұрауы мүмкін.

Олар өздерін еріктілер ретінде таныстырып, қайырымдылық үшін ақша жинап жатқандығын айтады. Бұл ретте олар елдегі және әлемдегі болып жатқан соңғы оқиғаларға сілтей отырып, кез келген ұран айтуы мүмкін. Олардың басты мақсаты – сіздің аяушылық сезіміңізді ояту арқылы сізден неғұрлым көп қаражат алу. Егер сіз оларға сеніп, онлайн режимде олармен байланыс орнататын болсаңыз, онда қаскөйлер сізді фишингтік сайтқа өтіп, өз төлем деректеріңізді сонда қалдыруға мәжбүр етуі мүмкін. Немесе кибералаяқтарға сіз және сіздің шоттарыңыз туралы маңызды ақпаратты беретін шпиондық софт жүктеуге мәжбүрлеуі мүмкін.

Сондықтан қазіргі уақытта емдеу және басқа да жеке куәлікті талап етіп, оның кө­шір­­месін түсіріп алатын мекемелерге тыйым салу керек сияқты. Керекті деректерді адам өзі де айтып беруіне болады. Интернет алаяқ­тықтың жолын кесудің көп амалының бірі осы, дейді мамандар.

Ntime.kz