Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу

Қазіргі уақытта отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті (әрекетсіздігі). Көбінесе әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады.

Түркістан қалалық полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, қоғамда отбасының рөлін нығайту мақсатында тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Шараның басты мақсаты – жақындарынан қолдау таппаған аналарға қандайда бір материалдық тұрғыдан және моральдік-психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасаудамыз. Іс-шара аясында, тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.

Қазіргі таңда Түркістанда 378 тұрғын қорғау нұсқамасына алынып, 49 тұлғаға ерекше талап қойылған. Полиция тарапынан аталған тұлғалармен профилкатикалық жұмыстар ұдайы жүргізіліп, әйелдер мен балалар құқығының сақталуы қатаң бақылауға алынған.

Ntime.kz