Зорлық-зомбылыққа тап келгендер полицияға хабарласқанымен, басым бөлігі арыз жазудан бас тартады

Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық жайты қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Дегенмен, зорлық-зомбылыққа тап келген азаматшалар полиция департаментіне хабарласқанымен, басым бөлігі арыз жазудан бас тартады екен. Бұл жағдайдан көбінесе әйелдер мен балалар зардап шегуде. Аталған жайтқа қатысты Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баспасөз-конференциясында үй тирандарына жүктелетін жауапкершілікті заң жүзінде күшейту қажеттігін айтты.

         Нақтырақ айтқанда, арызданушыдан анықтаушыға көшу. Яғни, құқық бұзушыны орын алған жайтқа қатысты міндетті түрде жауапқа тарту. Ең төменгі әкімшілік қамау мерзімін 5 күнге, құқық бұзушылықты қайталап жасаған жағдайға қамаққа алу мерзімін 20-25 күнге дейін ұзартуды ұсынды.

Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға ескерту жасаудың орнына, қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы жазалауды дұрыс деп санайтынын жеткізді. Ең бастысы, денсаулыққа зиян келтіруге байланысты қылмыстардың құрамына “отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы адамға қатысты”деген саралау белгісін енгізуді ұсынды.

          аталған ұсыныстардың барлығы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жайтын азайтуға зор үлес қосады. Себебі, көбінесе ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туындағанда полициядан көмек сұраған әйелдер кейін арыз жазудан бастартады. Салдарынан отбасына күш көрсеткен әке сымақтар жазасыз, ескертумен құтылып кетеді. Ал бұл, жағдайдың ушығуына немесе қайталануына әкеліп соғады.

         Мәселен, шаһарымыздың Әл-Фараби ауданында соңғы бір айда тұрмыстық зорлық-зомбылық жайтына қатысты 304 адам арыз жазса, 163 әйел шағымданудан бастартқан. Ал, Қаратау ауданында 156 әйел зәбір көргенін айтып арызданса, 104 тұлға арыз жазбайтынын жеткізген. Абай АПБ-на 200 азаматша шағым түсіріп, 62 келіншек оны жазудан бастартқан.

Осындай жағдайлардың соңы кейде қайғылы оқиғамен аяқталатынын ұмытпаңыздар. Балалар мен әйелдерге күш қолданатын тұлғаларды заң жүзінде қатаң жауапқа тарту қажет.

Айта кету керек, елімізде өзге адамның құқығын таптауға, күш қолдануға, ар-намысына тиіп, жекесіне өтуге жол жоқ. Ол сіздің жұбайыңыз болса да басқалардың ой-пікіріне құрметпен қарау шарт. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңызға үлгі боларлықтай дұрыс жол көрсетіңіздер. Жанұяда көп нәрсе ер адамға байланысты екені айтпаса да анық екені мәлім.

Ntime.kz