Түркістан қаласында қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша қаржылық бақылау департаментінің өкілдері келелі кездесу өткізді. Жиналысқа қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, мемлекеттік мектептердің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, балабақша меңгерушілері және әдіскерлері, психологтар қатысты.
Жалпы қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар әрбір азаматқа жоғары кірістілік, пассивті кіріс туралы уәде бере отырып, интернет-ресурстарда, яғни әлеуметтік желілерде түрлі жарнама жасайды. Егер, қаржы пирамидасы өкілдерінің алаяқтығына тап болсаңыз «Fingramotaonline» мобильді қосымшасының» қаржы пирамидалары және қаржылық алаяқтық» бөлімі арқылы немесе call-орталықтың +7 727 237 1000 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
— Компания клиенттерден жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті нарықтық бағадан жоғары бағамен сатып алуды ұсынады. Мәселен, үш айдан бастап бөліп төлеуге немесе ең төменгі пайыздық мөлшерлеме бойынша, сондай-ақ керісінше клиенттерге жылжымалы, жылжымайтын мүлікті нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алуды ұсынады. Ол үшін азаматтарға белгілі бір сомаға тауарды, қызметті сатып алу және қосымша бірнеше тұлғаны тартуды міндетті шарт ретінде ұсынады,- деді Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2-Жедел басқармасының басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Болатбек Омаров.
Облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің офицері Гүлзия Қарсыбайдың айтуынша, егер сізге қаржы пирамидасының қатысушысы болу ұсынылған жағдайда дереу тұрғылықты жеріңіз бойынша құқық қорғау органдарына, ІІМ мен ҚМА-ге жүгінуіңіз керек.
Бүгінгі таңда қаржы пирамидаларының алдын алу шараларын күшейту мақсатында Түркістан қаласындағы жолаушылар тасымалдайтын автобустарға «қаржы пирамидасының белгілері», «қаржы пирамидасынан сақ болыңыз» сынды ақпараттық үнпарақтар мен QR тақтайшаларын іліну жұмыстары жүргізілуде.