Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында нашақорлықтың, маскүнемдіктің және АИТВ/ЖИТС–тің алдын алу жастарды спортқа баулу мақсатында арнайы сала мамандарының қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Шымкент қаласы прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Сәкен Құрбанбаев, ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі орталығының маманы Назира Жүргенбаева, Психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері Майра Садыкова, «Серғали-Түркістан» аймақтық қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Ержан Абуталиев, Жастар ресурстық орталығының инспекторы Айжарқын Қалмурзаева, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы, Ушу-сандадан спорт шебері, Қазақстан Республикасының 8 дүркін чемпионы, кәсіпқойлар арасындағы Азия чемпионы Шахзод Ташполатов қатысты.
Жиын барысында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды ақпарт берді. АИТВ — адамның иммун тапшылығы вирусының, яғни адамның иммунды жүйесін зақымдайтын вирустың қысқартылған атауы. Адамның иммундық жүйесін зақымдай отырып, басқа инфекциялық аурулардың дамуына ықпал етеді. Өйткені адамның иммундық жүйесі әлсіз болғандықтан, ауру туғызатын микроорганизмдермен күресуге қабілеті төмендейді. АИТВ жұқтырған адам сау адамға мүлде қауіп тудырмайтын микрорганизмдерге өте сезімтал болып келеді. Бастапқыда ауру білінбейді. Көпшілік жағдайда АИТВ жұқтырғанын және басқаға қауіп төндіретіні туралы біле бермейді. Жұқтырған адам көбіне ауру жұқтырғанын сезбей де қалады. Бірнеше апта өткен соң ғана тұмауға ұқсас белгілер пайда бола бастайды (дене қызуы көтеріледі, тері бетінде бөртпелер шығады, лимфа түйіндері үлкейеді, іші өтеді). Вирус жұқтырған адам көп жыл бойы өзін сау адамдай сезінеді.
Вирусты жұқтырған адам ЖИТС-ке ұшырады деуге болмайды. ЖИТС-ке ұласуына ұзақ жыл өтеді (орта есеппен 10-12 жыл). АИТВ инфекциясын немесе ЖИТС-пен ауырған адам «Қанша жыл өмір сүремін?» және «Ауруым асқынған ба?» деген сұрақтар қояды. АИТВ да, ЖИТС те әр түрлі асқынады және бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес. Бүгінгі күні осы аурумен ауыратын адамдар бұрынғы жылдарға қарағанда ұзақ өмір сүреді. АИТВ және ЖИТС-ті емдеу жылдан жылға нәтижесін беруде.
Емдеу нәтижесінде ұзақ уақыт өздерін сау адамдай сезінеді. Емдеудің жаңа әдістері іздестірілуде. Инфекциямен күресте тиімді жаңа дәрілік заттардың пайда болатынына күмән жоқ, әрине.
Кездесуде мамандар есірткі қылмысына қарсы және қылмыстық жағдайлар бойынша толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды. Сөз соңында жастар көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.