Шымкент қаласы Полиция департаменті нашақорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар атқаруда. Кезекті профилактикалық шара аясында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Авиценна» медициналық көпсалалы колледжі арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша жұмыстарды өзара бірігіп атқару туралы меморандум түзілді.
Оның аясында аталған колледж студенттеріне ұдайы түрде нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізу көзделуде. Сонымен қатар, студенттерді есірткіге қарсы жұмыстарға жұмылдыру, қала аумағында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу жоспарланды.
Қабылданған меморандум шеңберінде жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру бойынша тағы бірқатар кешенді іс-шараларды өткізу көзделуде.
Құқық қорғау органдары жыл басынан бері 200-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын, олардың ішінде 58-і 29 жасқа дейінгі жастардың қатысуымен орын алғанын мәлімдеді. Кездесу аясында жастар арасында нашақорлық, жайында толыққанды мағлұмат берді. Сала мамандары нашақорлық індеті жер бетінде миллиондаған адамның өмірін жалмап жатқанын және аталған індеттің шекараны, жасты, нәсілді талғамайтынына тоқталды. Сонымен қатар, есірткіден бойды аулақ салудың маңызын, салауатты өмір сүру салтын ұстанудың маңызды екендігін жеткізді.
Айта кетейік, жыл басынан бері 4 000-нан астам есірткі саудасымен айналысып келген сайт бұғатталып, одан бөлек дәріханаларда есірткінің орнын алмастыратын препараттардың дәрігердің рұқсатынсыз сатылғандары тәркіленген. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 300-ден аса есірткінің заңсыз айналыммен қоса, түрлі құқық бұзушылығы анықталды. Бүгінгі күні нашақорлық — бір адамның ғана басындағы емес, бүкіл қоғамның қасіреті болып отыр. Адамдар салауатты, дені сау, қоғамымыз әркенді де өркениетті болуы үшін, нашақорлыққа қарсы күресу-әр азаматтың міндеті.
Қазақстандық қоғамды есірткілендірудің әлеуметтік мәдени факторлары (моральдық-этикалық нормалар мен мінез-құлық құндылықтарының бұзылуы, батыстық мәдениеттің жаппай әсер етуі, отбасылық қарым-қатынастардың бұзылуы, жастардың әлеуметтік мінез-құлқының өзгеруі) ұлт денсаулығының негізі ретінде есірткіге деген қоғамдық иммунитетті қалыптастыру қажеттігін өзекті етеді.Есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитетті қалыптастыруға ең алдымен мемлекеттік әлеуметтік саясат және орта, жоғары білім беру жүйесіндегі жастар арасындағы жұмыс бағытталуы тиіс. Бұл ретте осы саладағы негізгі бағыт беретін күш тек орталық, жергілікті атқарушы билік органдарының ғана емес,азаматтық қоғам институттарының да қызметі болуы тиіс.Әсіресе балалар, жастар мен әйелдер арасында салауатты өмір салтын, есірткісіз өмірді насихаттау есірткіге қарсы мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігі болуы тиіс.