Алаяқтық Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Ол үшін қылмыскер алдау-арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Бұл арада мынаны еске алу керек, алдау және сенімге кіру жолымен басқа да қылмыстар жасалуы мүмкін, бірақ олар басқа қылмыстық-құқықтық нормалар бойынша қарастырылады. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнісін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу қажет. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағаның анықтап алу қажет. Мұның өзі қылмыстық заңда қылмыстық жауапкершілікке тартуға бірден-бір негіз болып табылады.
Түркістан қаласының прокуратурасы арнаулы мемлекеттік органға жұмысқа орналастырып беремін деп алдау арқылы ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған 28 жасар жігітке қатысты қылмыстық істі сотқа жіберді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ол арнаулы органда жұмыс істейтіні туралы жалған айтып алдау арқылы жәбірленушінің 3,5 млн. теңге қаражатын жымқырғаны анықталды.
Тергеу нәтижесімен қалалық полиция басқармасы күдіктінің қылмыс жасағанын дәлелдейтін жеткілікті айғақтар жинақтап, прокурордың келісуімен оның іс-әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен (үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген) саралаған.
Қазіргі таңда сот практикасында көбінесе алаяқтық арқылы бөтеннің мүлкін заңсыз айналдыру жалақы, жәрдемақы, зейнетақы және тағы басқа төлеумен айналысатын әртүрлі қоғамдық және мемлекеттік органдарда жасалатынын көрсетті.