Ұрлықтың қай заманда болсын қоғамға әлеуметтік әсерінен бөлек, саяси салқыны, мәдени зардабы да орасан. Қазірде ұрлықтың мәні де, мағынасы да, формасы да өзгерген. Халықтың қазынасын сүлікше сорып жатқан жемқорлар – бүгінгі ұрлықшылардың бір түрі. Алайда, оларды жазалайтын дала заңы далада қалды деуге болады. Ұрлық – әдетке, әдет әдепті бұзатын ауыр күнәға апарады. Ұрлық, қылмыстық құқықта — мүлікті жасырын қымқыру. Ұрлық қоғамдық немесе жеке меншікке қарсы жасалған қылмыстардың қатарына жатады. Түркістан қаласының прокуратурасы қойма ішінен қақпа жасауға арналған темір заттарды ұрлады деген айыппен Шымкент қаласының тұрғыны 1986ж.т. Р.Рзаевқа қатысты қылмыстық істі сотқа жіберді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ол Түркістан қаласы, Жарылқапов көшесі бойында орналасқан темір дәнекерлеу қоймасының темір құлпын бұзу арқылы қоймаға заңсыз кіріп, әртүрлі темір материалдарды жасырын жымқырып, жәбірленушіге 224 600 теңге шығын келтіргені анықталған.
Тергеу нәтижесімен қалалық полиция басқармасы Р.Рзаевтың жоғарыда аталған қылмысты жасағанын дәлелдейтін жеткілікті айғақтар жинақтап, прокурордың келісуімен оның іс-әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен (екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген) саралаған. Айта кетейік, Түркістан қаласының прокуратурасы тұрғындарды заттарыңызға мұқият болуға шақырады. Сондай-ақ, ұрлық әрекетінен, өзгенің затына қол сұғушылықтан бас тартуды және ұрлық әрекетіне бару заң алдында қаралатынын қатаң түрде ескертеді. Ұрлық түбі – қорлық! Ұрлық әрекетінен бас тартыңыздар!
Егерде осындай жағдайлар мен заңсыздықтар орын алғанына куә болсаңыздар полицияның «102» байланыс нөміріне хабарласыңыздар. Тұрғындар тыныштығы мен қауіпсіздігі заң қызметкерлері үшін басты орында.