Қазақ тілі ғылым тіліне айналуы қажет

Ұлттық құрылтайда мәселе айтамын десең, ешкім сенің аузыңды жаппайды. Бірінші отырыс былтыр Ұлытауда болды. Ол Жошы ханның ұрпағы қазақтың мемлекетін құрған жер. Алғашқы құрылтайдың сонда өтуінің үлкен символдық мәні болды. Онда мен сөйледім, ғылым туралы ойымды айттым. Содан академия құрылып, биыл жұмыс істеп жатыр. Енді екінші құрылтай қасиетті Түркістан жерінде өтті. Оның тарихи терең. Бұл жерде Қожа Ахмет Ясауи бабамыз, хандарымыз бен билеріміз жатыр. Сондықтан, мұның да аса маңызды символдық мәні бар.

Бұл жерде мен қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде сөз сөйледім. Оны Президент те көтерді. Қазақ тілі тек отбасы, ошақ қасында қалмауы керек. Ол білім мен ғылымның тілі болуы қажет. Мәдениет және спортты түсінетіндер көп. Ал, ғылымның тілін кім түсінеді? Қазақ деген ел шын мәнінде осы ғасырдан өтіп, тарих топырағына көміліп қалмаймын десе, техникалық ел болуы керек. Тәуелсіздіктің төресі – техникалық тәуелсіздік.

Жақсы көлік, жақсы компьютер шығарсақ, экономика күшті болады. Әскер мықты болса, сенің сөзің де өтімді болады.

Соңғы кезде ғылымға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Оның барлығы бірінші тұлғаға байланысты. Жалпы, ғылым мен технологияның дамуы заңды құбылыс. Біздің елімізде бұрынғымен салыстырғанда гранттың саны көбейді, ғылыммен айналысатын адамдарға мүмкіндік жасалып жатыр.

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ,

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті