Шымкентте 8 кәсіпорын сүтті қайта өңдеп, дайын өнімдерді шығарумен айналысады.
Тарқатып айтар болсақ, «Intermilk Kazakhstan» ЖШС, «Оңтүстік Agro LTD» ЖШС, «Golden Cheese» ЖШС, «Bio food kz» ЖШС, «Izmir trade» ЖШС, «Бәйтерек Агро» СПК, «Дони LTD» ЖШС және Нұрсұлтан ЖК жыл басынан бері 50 мың тонна сүттен 500 тонна сары май, 3000 тонна ірімшік өндірген. Бүгінде жоғарыда аты аталған өндіріс орындарына «Өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында көрсетілген қолдаудың нәтижесінде өнім өндіру қуаттылығы артып келеді.
Оңтүстік өңірін отандық қатты ірімшікпен қамтып отырған кәсіпорынның бірі – «Intermilk Kazakhstan». Аталған мекемеде қатты ірімшік өндірісіне жұмсалған шикізатқа кеткен шығынның әр келісі үшін 28 теңге, ал сары майға 18 теңге мемелекет тарапынан субсидия төленіп жатыр. Қаратау ауданындағы Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан өндіріс орны сол аумақтағы 25 адамды жұмыспен қамтыған. Цехта қазір күніне 15 тонна сүт қайта өңделіп, одан 1,5 тонна құрт, ірімшік, сарымай, қаймақ, сүзбе секілді өнімдер алынады.
Негізінен бұл кәсіпорынның іргетасы «Эм-Нур» ЖШС атауымен 2001 жылы қаланып, жылына 2000 мың тонна сүтті қайта өңдеп, ішкі нарықты қатты ірімшікпен қамтамасыз етіп отырған еді. Ал, 2022 жылы өндіріс орнын «Intermilk Kazakhstan» компаниясы сатып алып, заманауи жабдықтармен жарақтап, жаңа технология негізіндегі өнімдер шығарыла бастаған.
–Бүгінгі күні цехты Түркияның жаңа жабдықтарымен толықтырып жатырмыз. Толық қуатына енсе, күніне 25 тонна сүтті қайта өңдеуге мүмкіндік туады. Шикізатты, яғни сүтті осы маңдағы шаруа қожалықтар мен тұрғындардан сатып аламыз. Әкелінген сүт алдымен ветеринар-мамандар мен технологтар тарапынан зертханалық тексеруден өтеді. Өнімдеріміз қазір ішкі нарыққа шығарылып жатыр.
Өзбекстандық әріптестермен жүргізілген келісімдердің нәтижесінде 2024 жылдан бастап өнімдерімізді көрші елге экспорттаймыз, – деді компания директоры Бақтияр Қалмұратов.