Шымкентте 89 000-нан астам зейнет жасындағы қарт тіркелген

зейнет

Ntime.kz. Мегаполистің әлеуметтік қызметтерін қолдау, қолжетімділігін арттыру мақсатында Шымкент қаласына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова іс-сапарымен келді. Жұмыс сапары аясында вице-министр балаларға арналған № 8 «Қамқорлық» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын, «Ізетті зейнеткер», «Бақытты жанұя» орталықтарына барды. Сондай-ақ, вице-министр Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жұмысымен танысты.

Орталық 2019 жылдан бастап қаладағы аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға, олардың белсенді, зияткерлік, шығармашылық, қоғамдық қызметке тартылуына жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда қала бойынша 3 орталық бар. Мекеменің үш ғимаратында бір күнде 690-нан астам зейнеткерге екі ауысымда 34 қызмет түрі көрсетіледі. Қала бойынша 89 000-нан астам зейнет жасындағы қарттар тіркелген. Орталық қызметтері үлкен сұранысқа ие болғандықтан, Шымкент қаласының әр ауданында бөлімшелер ашуға қажеттілік туындап отыр. Орталықты аралап, зейнеткерлердің ұсыныс-тілектерін тыңдаған вице-министр, орталықтың жиналыс залында үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен, жұртшылықпен, әлеуметтік мекемелер ұжымдарымен кездесу өткізді.

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен мүгедектігі бар адамдармен кездесу барысында вице-министр министрлік жұмысының негізгі бағыттарына тоқтала келе, жаңа әлеуметтік саясаттың іске асырылуы туралы баяндады. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру шаралары туралы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақыдағы өзгерістер жайын айтты. ҚР инклюзивті саясат тұжырымдамасының іске асырылуы, әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру әділ қоғамды дамытатын факторлар екенін айтты. Әлеуметтік Кодексті іске асыру кезеңдері туралы егжей-тегжейлі айтып, құжатта ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көп көңіл бөлінгенін атап өтті.
Мәселен, бірінші кезекте мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы көбейіп, арнаулы әлеуметтік қызметтер де қолжетімді болды.
«2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын адамдарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға артты. Жәрдемақы мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, төлемдер мөлшері өткен жылдың деңгейіне қарағанда жалпы алғанда 23%-ға өсті», – деді Назгүл Сағындықова.
Әлеуметтік кодексте мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге олардың отбасы мүшелерін тарту көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделіп, оларға еңбекақы төленіп, тиісті әлеуметтік аударымдар жүргізіледі.