Сырқатқа салғырт қарауға болмайды

Сырқатқа

Өскелең ұрпақ тәрбиесінде аса қажет құралдардың бірі мультфильм. Қазіргі таңда батыстың мультфильмдері бүлдіршіндердің ойын әбден жаулап алған десек артық емес. Тіпті көп ретте соған тәуелділік туындайды. Балалардың көпшілігі қазіргі упқытта ойыншыққа аса қызықпайды. Екі көзі смартфонда. Әсіресе, асыға қарайтын мультфильмдердің бірі Сиреноголовый, Фоногореголовый, Хагги, Месси секілді батыс мультфильмдері балалардың санасын улап, психикасына кері әсер етуде. Осы тақылеттес мультфильмдердің кесірінен бүлдіршіндер арасында цифрлық аутизм пайда болып жатқанын бірі білсе, біреуі білмес. Шымкентте аутизммен ауыратын балалардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ғимаратында өткен «Психиатрия мен тәуелділіктің заманауи аспектілері» атты ғылыми-практикалық семинарда қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ережепов айтты.

Жалпы, бұл тақырып бүгінгі қоғамда өте өзекті. Елімізде психикалық бұзылулар мен тәуелділіктерді диагностикалау, емдеу және олардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, соңғы жетістіктер мен инновациялық тәсілдерді талқылау үшін психиатрия және наркология саласындағы жетекші сарапшылар мен спикерлердің тәжірбиесі қажет. Сондықтан Психикалық денсаулық орталығының жетекшілігімен өткен семинар дәл осы мәселелер аясында болды.

Семинарға ДДҰ-ның Орталық Азия елдері бойынша Еуропалық бюросының психикалық денсаулық жөніндегі Еуропалық коалициясының консультанты, Шығыс Еуропа елдеріндегі Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың өкілі, жоғары санатты психиатр Николай Негай және м.ғ. д. профессор, ҚРМУ НУО психиатрия және наркология кафедрасының меңгерушісі С.Ешімбетова, білікті невролог Назира Асанқызы қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, аутизм әлемде 160 баланың біреуінде кездеседі. Аутизмге шалдыққан балалар саны бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да өсуде. Қазақстанда 12 087 бала аутизмге шалдыққан. Шымкентте де аутист балалар қатары жыл санап артып келеді. Негізінен, аутизм – ауру емес. Әрбір адамның қайталанбас тұлға екенін және аутизмі бар адамның өзінің мықты тұстары мен дарыны бар екенін есте ұстаған жөн. Қоғам тарапынан тәлімгерлік, түсіністік және төзімділік таныту аутизмі бар адамдар үшін өз потенциалын аша алатын қолайлы орта құруға көмектеседі. Біз барлық қоғам қайраткерлерін, қоғамдық ұйымдар мен азаматтарды аутизмі бар адамдар мен олардың отбасыларын қолдау әрекеттеріне қосылуға шақырамыз. Біз бірге әр адам тең мүмкіндіктер мен құрметке ие болатын мейірімді және инклюзивті қоғам құра аламыз,– деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ережепов.

Шығыс Еуропа елдеріндегі Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың өкілі, жоғары санатты психиатр Николай Негай кез келген сырқат миға түсетін ақпараттармен тығыз байланысты екендігін түсіндірді. Түрлі аурулар мен тәуелділіктер мида қалыптасқан әрекеттерден туындайды, – дейді жоғары санатты психиатр Николай Негай.