Әркім өз жасаған ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бүгінде елімізде ескерткіштерді қирату,түрлі нысандарды бүлдіру, сындыру фактілері жиілеген. Әсіресе вандализм әрекеттерін жастар көбіне жасайды.
Вандализм— мәдени-тарихи ескерткіштерді, басқа да рухани мәдениет құндылықтарды, қоғамдық орындардағы мүліктерді аяусыз, қасақана жою, қиратып бүлдіру, тып-типыл тонау әрекеті. Әдетте ол жабайылық пен зұлымдықтың шектен шыққан бір түрі болып есептеледі. Қазіргі жағдай мұндай заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді қайта қарау керектігін дәлелдейді.
Қазақстандағы вандализммен байланысты негізгі проблемалар – қоғамдық сана мен білімнің жоқтығы. Қоғамдық кеңістіктер мен ортақ меншіктің маңыздылығын түсінбеу, салдарынан адамдардың қоршаған орта мен қала нысандарын бағаламауына және оларға қамқорлық жасамауына дейін апарады. Қоғамдық орындарда тиімді мониторинг пен қадағалаудың жоқтығы вандализм әрекеттерінің көбеюіне әкеледі.
– Президент тапсырмасымен былтырдан бастап вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылды. «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру аясында қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айтып, қорлау, ғимараттар мен өзге де құрылыстарды, қоғамдық орындарға нұқсан келтіру және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да ұқсас әрекеттер үшін – 15 күн есебіндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?- деп айтқан болатын. Осы орайда Сайрам аудандық “Жастар ресурстық орталығы” мамандары вандализмнің алдын алу бойынша Ақсукент ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аудан тұрғындарына вандализм әрекеттері үшін жаңа Заңға сәйкес қаралатын жаза түрлері таныстырылды. Ауданымызды вандализімнен қорғап, оның көркеюіне үлес қосуға баршаңызды шақырамыз!