Түркістан қаласында мектепке дейінгі білім беру жүйесінің жаңа кезеңіне қадам басу мақсатында маңызды жиын өткізілді. М. Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған басқосуда «Көрсетілген білім беру қызметін алушылар бойынша дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі пилоттық жобасын жүзеге асыру қадамдары» тақырыбы талқыланды.
Бұл жиынға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу департаментінің директоры М. Елекеновна, Бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Е. Илясұлы, «Smart Nation» орталығының маманы Г. Есет және ата-аналар, білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысты. Жиналыстың мақсаты — білім беру қызметін алушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және балабақшалар мен мектепке дейінгі ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын арттыру.
Жиналысты Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова ашып, жиынның күн тәртібімен таныстырды. Ол жиналысқа қатысушыларға пилоттық жобаның маңыздылығын түсіндіріп, оның мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттырудағы рөлін атап өтті. Білім беру саласындағы реформалар, атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу департаментінің директоры М. Елекеновна аталған жобаның мақсатын, міндеттерін және жүзеге асыру барысындағы негізгі кезеңдерді баяндады. Пилоттық жобаның алгоритмі Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларында жүзеге асырылатыны белгілі болды. Жоба аясында білім беру қызметтерін алушылар бойынша дербестендірілген қаржыландырудың енгізілуі, балаларға мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ата-аналардың ұсыныстары мен талаптарын ескеру бойынша жұмыстар жүргізілмек.
Жиналыс барысында ата-аналар тарапынан пікірталас болды. Қатысушылар пилоттық жобаны қолдайтынын білдіріп, өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Олардың арасында жобаға қатысты күмән мен алаңдаушылық білдіргендер де болды. Ата-аналар балалардың білім алуында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Бұл жоба балалардың дамуына, оқуға деген ынтасын арттыруға, сондай-ақ оларды мектепке дайындауға оң ықпал етеді.
Осы тақырыптағы басқосу мемлекеттік және жекеменшік балабақша меңгерушілерінің қатысуымен де өткізілді. Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері балабақша құрылтайшылары мен меңгерушілеріне жоба бойынша терең түсінік беріп, Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 1 наурыздағы №53 бұйрығымен таныстырды. Бұл бұйрық білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізін құрайды. Балабақша меңгерушілері, қызметкерлер мен ата-аналар арасында тиімді ынтымақтастық орнату, жоба туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ нақты қажеттіліктер мен ұсыныстарды жинау мақсатында жұмыс істейтін болады.
Жиналысқа Түркістан қаласындағы балабақшалардың ата-аналары ZOOM платформасы арқылы да қатысып, өз пікірлерін білдірді. Пилоттық жобаға дайындық жұмыстары бойынша қалалық білім бөлімі тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Жиналыс қорытындысы бойынша пилоттық жобаны жүйелеу жұмыстары білім бөлімінің қызметкерлеріне, мемлекеттік және жекеменшік балабақша меңгерушілеріне жүктелді.
Түркістанда өткізілген бұл басқосу мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруда, балабақшалардың жұмысын жетілдіруде және ата-аналар мен балалардың қажеттіліктерін ескере отырып, білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды қадам болып табылады. Жобаның сәтті іске асуы білім беру саласындағы өзгерістерді жеделдетіп, жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне оң әсер етеді. Түркістан қаласы осы бастамалар арқылы мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру мен тәрбиеленушілердің білім алу деңгейін көтеру бағытында зор мүмкіндіктерге ие.