Энергетикалық тұрақтылық: Атом электр станцияларының рөлі

Энергетикалық тұрақтылық

Қазақстандағы энергия тапшылығы мәселесі жылдан-жылға өткірленіп келеді. Күні бүгінге дейін елдің энергетикалық инфрақұрылымы ескіріп, оның көпшілігі тозған күйде. Бұл мәселені шешу үшін АЭС салу еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолы болып табылады. Түркістан қаласында өткен халықтық штабтың кездесуінде атом электр станцияларының артықшылықтары мен ел экономикасына тигізетін әсері талқыланды.

Кездесуге қатысушылар референдум өткізудегі мақсаттарды, атом электр станциясының елге беретін пайдасын, экономика мен әлеуметтік ахуалға тигізетін оң әсерін және қауіпсіздік мәселелерін атап өтті. Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан, ал тек 2 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен өндіріледі. Бүгінгі таңда елдегі энергетикалық жүйенің 65 пайызы тозып кеткен, бұл мәселе әсіресе оңтүстік аймақтарда анық байқалады. Энергия тапшылығы тұрғындардың қажеттілігімен қатар кәсіпкерлікті дамытуға да кедергі келтіреді.

Энергетика саласының мамандары мен ғалымдар атом энергетикасын дамыту қажеттілігін айтады. АЭС-тің ең маңызды аспектісі – қауіпсіздік. Қазіргі уақытта әлемде жұмыс істеп тұрған 415 ядролық реактордың барлығы дамыған елдерде орналасқан. Егер атом энергетикасы адамзатқа қауіпті болса, өркениетті елдер бұдан бас тартар еді. Әлемде қазір 60-қа жуық АЭС салынуда, соның ішінде көршілес Өзбекстан да АЭС құрылысына кіріскен.

Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде көшбасшы, ал уран қоры бойынша екінші орында тұр. Дамыған мемлекеттер АЭС-ке қажетті шикізатты Қазақстаннан сатып алады. Ядролық отын өндіретін зауыт та елімізде бар. Осыншама ресурстарды және зор әлеуетті елдің игілігіне жұмсамасақ, экономикалық тәуелсіздігімізді нығайтуға мүмкіндік болмайды. Неліктен шикізат елі болып қалуымыз керек? АЭС құрылысына 2 мың жұмысшы жұмылдырылып, іске қосылғаннан кейін 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. АЭС құрылысы өз кезегінде инфрақұрылымды дамытуға да әсер етеді: жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салынады.

Кездесуге қатысқан партиялар мен энергетика саласының мамандары АЭС-тің артықшылықтары жөнінде сөз қозғап, референдумдағы әрбір таңдау ел болашағы үшін маңызды екенін айтты. Мәдениет саласы қызметкерлері мен тұрғындар сауалдарына жауап алып, пікірлерін ортаға салды.

Тұрғындардың белсенділігі мен сауалдарға қызығушылығы АЭС құрылысының халық арасында кеңінен қолдауға ие екенін көрсетті. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және жаңарту – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін маңызды қадам. АЭС салу – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономиканы жаңғырту және болашақ ұрпақ үшін тұрақты даму жолын таңдау.

Халықтық штаб өкілдері АЭС құрылысына қолдау көрсетіп, энергия тапшылығын жоюдың тиімді шешімдерінің бірі ретінде атом электр станцияларын қарастыруды жалғастыра беретіндіктерін мәлімдеді. Елдің энергетикалық стратегиясы – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және экономикалық дамуға бағытталған басты механизмдердің бірі. АЭС-тің енгізілуі еліміздің энергетикалық болашағын қамтамасыз етеді, ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.