Бүгін Қазақстан Республикасының Әділет Вице-министрі Наталья Пан Түркістан облысына арнайы іс сапармен келіп, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің ережелерін жан-жақты түсіндіру мақсатында — облыс әкімдігінің мәжіліс залында барлық мемлекетттік мекемелердің бірінші басшыларының қатысуымен ауқымды жиналыс өткізді.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік Процестік Кодексінің қабылдануы- біздің еліміздегі елеулі оқиға. Кодекс-құқықтық мемлекеттің маңызды атрибуты, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» — тің сенімді тірегі десек те болады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік Процестік Кодексі өзара екі байланыс нысандарының қызметін, яғни әкімшілік актіні қабылдау рәсімі мен оны даулау процесін көрсетеді», — деді Әділет Вице-министрі.
Кодекс жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруды, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізуді, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайтуды қамтамсыз етеді.
Кодекстің тағы бір жаңашылдығы ендігі жерде сотта әкімшілік іс қаралғанда дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Жаңа кодекс бойынша азамат мемлекеттік органның шығарған әкімшілік актісімен келіспейтіні туралы «талап қоюмен» жүгінсе жеткілікті. Сот талап қоюшыға талап қоюды дұрыс толтыруға, формальды қателерді түзетуге, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеп, өзінің шығарған шешімінің орындалуын бақылай алатындығы айтылды.
Айта кету керек, аталмыш кодекс төрт бөлімнен, яғни жалпы бөлім, Мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері, Әкімшілік рәсім және Әкімшілік сот ісін жүргізуге арналған. Осы жерде Кодекстің жаңашыл қағидаты «соттың белсенді рөлі» қағидаты жұмыс жасайды, яғни сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелер жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.