Тәуелсіз Қазақстанымыз егемендігін алғаннан бері қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды, соның ішінде мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекетті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сарабдал сабақтасқан саясатының арқасында, мемлекеттік кадр саясатын жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс пен мақсатты шараларды іске асыру нәтижесінде, қазіргі таңда тиімділігі жағынан көптеген халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болған мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі бар.
Мемлекеттік қызмет саласында біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган — Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып табылады. Аталмыш агенттікті тәуелсіздік жылдарында бірқатар кәсіби басшылар басқара отырып, үлкен даму жолынан өткізіп, мемлекеттік қызметтің қазақстандық жүйесін қалыптастырды.
Бүгін міне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген ағымдағы жылы аталған агенттікте екі рет төрағалық еткен, өмірінің қырық жылға жуық мерзімін мемлекеттік қызметке арнаған, оның дамуына елеулі үлес қосқан, Тұрысбеков Зауытбек Қауысбекұлы 70 жасқа келіп отыр.
Өзім осы орталық органда жұмыс істеген жылдары қызметтес болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Қауысбекұлын мерейтойымен құттықтай отырып, қызметтегі Зәкеңді еске ала отырып, бірқатар дүниелерді жазуды жөн көрдім.
Интернет желісі бұл кісі туралы ақпаратқа толы болғандықтан, әріптесі ретінде басқа қырынан көрген дүниелеріммен бөлісейін.
Қызмет барысында белгіленген ғана бағытпен жүрмей, әрдайым жаңашылдыққа құмар болуды үлгі етті. Өзіне жүктелген міндеттерді абыройлы атқару үшін, шет елдердің озық тәжірибесін әрдайым зерттеумен болатын. Еліміздің менталитетін ескере отырып, Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің мемлекеттік қызмет моделінің бірқатар дүниелерін елімізде енгізуді ұсынды.
Менің алғаш рет шет елге шығуымның да себепкері осы кісі болды. Малайзия мемлекетіне кезекті ісспарамызда 22 жыл бойы Малайзияны ең ұзақ басқарған премьер-министр Махатхир Мұхамедтің резиденциясында жеке кездесу өткен болатын. Кездесу барысында, бұл елде сыбайлас жемқорлық фактілері орын алғанда, алған парасының оншақты есе артық көлемінде мемлекетке қайтарта отырып, мемлекеттік қызметке кіру бойынша сәйкес шектеу қоятынын білдік.
Жалпы, әрбір іссапар, әрбір мемлекет өте әсерлі тұстарымен есте қалып, мемлекеттік қызмет саласын дамыту жолындағы көптеген ілім-білімдері мен тәжірибені жинақтауға бағытталған қазынадай болды.
Мәселен, Жаңа Зеландиядан – алдын-ала бекітілген индикаторларға сәйкес алынған нәтижелер негізінде мемлекеттік қызметшілерді бағалау жүйесін, Австралиядан – мемлекеттік қызметшілердің этикалық талаптарын күшейту мәселелері, Сингапур елінен – мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы уәкілетті органдар жұмыс барысы, цифрлық технологиялар және кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялау тәжірибелерін, сондай-ақ осы елдердегі ақылы жолдар сияқты бірқатар тәжірибелерін Қазақстанға алып келдік.
Әрине, бұл қарқынды жұмыс сөзсіз Қазақстанның саяси ерік-жігерінің нәтижесі, ал қазіргі мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі – оның нышаны болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық проблемасын мемлекеттік қызметшілердің жалақысын бірнеше есеге көтеру арқылы шешуді жөн тапқан. Бұл ретте, «Еңбекақы мөлшері — орындалатын жұмыс көлеміне қарай саралануы тиіс» деп санаған. Аталған шара, мемлекеттік қызметтегі неғұрлым нәтижелі мамандарды анықтауға бағытталған болатын.
Қызметінде нәтижеге бағдарланған азамат, шет елдердің тәжірибесін талдай отырып, елге алып келген бірқатар ұсыныстары қолданыстағы заңнамаларда көрініс тапқан.
Көптеген іссапарлардың нәтижесінде Зауытбек Қауысбекұлының тек қазақ жерінде емес, өзге мемлекеттерде де абыройлы азамат екені байқалды.
Тиімділігі жоғары, кәсіби мемлекеттік аппаратқа көкейінде патриоттық сезімі бар, тиісті салаға қызығушылығы жоғары азаматтармен ғана қол жеткізуге болатынын ерекше айтатын.
Зауытбек Қауысбекұлы төрағалық еткен жылдары Тәртіптік кеңес қызметі едәуір күшейтілді. Барлық аумақтардағы тәртіптік кеңестердің негізгі көрсеткіштерін ортаға салып, орташа көрсеткіштерден нәтижесі жоғары мен төмен аумақтық кеңестерді анықтап отырды. Аумақтардағы кеңестерді ішінара салыстыра отырып, рейтинг жүйесін қалыптастырды. Ол өз кезегінде, кеңестердің жұмысын ынтамен жалғастыруына себепкер болды. Ал, тәртіптік кеңестер агенттікке берілген кезде, агенттіктің құрамы оңтайландырылған болатын.
Зәкең қызметінде жүйелілік пен алдын-алу жұмыстарына акцент беретін. Мәселен, белгілі бір аумақта анықталған бір факті негізінде барлық аумақтарда сол мәселе бойынша алдын алу шараларын жүргізетін.
Сонымен қатар, оның басты қағидаларының бірі — ұжымдағы микроклиматтың жоғары болуы еді. «Ұрыспайтын үй жоқ, қайтпайтын келін жоқ, ал кірді іздесең байдың қызының тырнағының астынан да табасың» деп әзіл-шынын араластырып, әріптестерін әрдайым өзара сыйластыққа шақырып отыратын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ортасының ұйытқысы бола білетін ағамыз, кез-келген ұжымдық іс-шараларға барлық қызметкерлерді қатыстыртатын.
Зәкеңнің әрбір айтқан сөзінің тәрбиелік мәні бар еді. Мысалы, «Адамның қазіргі жағдайы – тікелей өзінің қабілетіне байланысты болады» деген сөздері қазірге дейін құлағымда жатталып қалғандай. Сол себепті, Зәкең үнемделген қаражат есебінен ашық түрде, бүкіл ұжыммен ақылдаса отырып, нәтижесі жоғары мамандардың жалақысын жоғарылатып отырды. Сол кездегі штат санының лимиті жөніндегі Қаулының күші жойылғаны да ынталандырудың бір тәсіліне айналды. Мәселен, құрылымдық бөлімшенің жұмысын он адам істеп жалақысын бірдей бөліп алса да, бос лауазымдарды толтырмай, екі есе аз адам жұмыс жасап, он адамның жалақысын бөліп алуына да ерік берген болатын. Ал, сыйақыға берілетін қаражат мөлшері жалақыдан талай жағдайда әлдеқайда жоғары болатын.
Өз кезегінде, бұл қадам қызметкерлердің арасында адал бәсекелестік пен ынталандыруды жоғарылата отырып, орталық аппараттың қызмет тиімділігін арттырды. «Біреулер суға шомылуға барса, кейбіреулер жүзуге барады» деп, қызметте де күнделікті қалыпты жұмысын жасайтын «шомылушылар» мен нақты нәтиже бағдарланған «жүзгіштер» бар екенін атап өтетін. Зәкеңдей іскер, жаңашыл, жігерлендіруші басшы барда баршамыз тек «жүзгіш» болуға тырысатынбыз.
Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі, атап айтқанда, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету өткір мәселелердің бірі болып табылатын. Агенттік ел астанасы Ақмолаға көшірілген кезде, қоныс аударғандарға арналған екі жарым мың пәтердің заңды түрде берілуін қамтамасыз еткен.
Ал, Зауытбек ағамыз жас мамандарға арналған 1000 орындық жатақхана құрылысына сәйкес конкурс өткізіп, мердігерді анықтап, құрылыс жұмысын бастап кетті. Аталған жатақхана мемлекеттік органдардың мамандарын мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша өз тұрғын үйлерін сатып алғанға дейін қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасын шешуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда онда Мемлекеттік басқару академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы мен тыңдаушылары, өзге де мемлекеттік қызметшілер өмір сүруде. Ал жатақхананың өзі қаншама жастардың танысып, отау құрып, қаншама сәбидің дүниеге келуіне себепкер болғаны жанға жылулық ұялатады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы құрылып, оның қалыптасуына белсене ат салысқан. Оған қоса академияның өзінде тұрақты түрде дәріс оқушылардың қатарында болды.
Зауытбек Қауысбекұлының агенттік пен оған бағынысты мекемелерді бір орталыққа шоғырландыру идеясы қазір Шымкент қаласында көрінісін тауып отыр. Қазіргі таңда Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласындағы филиалы және тестілеу орталығы бір ғимаратта орналасқан.
Иә, Зәкеңмен қызметтес болған жылдардан еске алатын дүние де, айта беретін әңгіме де жетерліктей.
Қазіргі таңда ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Мұнда да жырақта өгейдің күнін кешіп жүрген этникалық қазақтардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, шетелдегі қандастардың жігерін жанып, атамекен – тарихи отанға деген сезімі мен рухын ояту жолында тер төгіп жүр. «Әр қазақ менің жалғызым» деген қанатты сөзді қастер тұтатын азаматтың тәуелсіздік тұғырын тіктеуге әлі де атсалысатынына сеніміміз мол.
Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан Зәкеңмен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын.
Құрметті Зауытбек Қауысбекұлы, бүгінгі 70 жасқа толған мерейлі мүшел жасыңызда Сізге денсаулық, ұзақ ғұмыр, әулетіңізге баянды бақыт тілеймін!
Әли Көмекбаев, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы