«Amanat» партиясы: қоғамдық қабылдауда тұрғындардың өзекті мәселелері қаралды

«Amanat» партиясы

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев пен партияның Қаратау аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлы азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың арыздары мен шағымдарын тыңдады.

Қабылдау барысында тұрғындар түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді. Солардың бірі – Сайрам тұрғын алабының ақсақалы. Ол «Наурыз» саябағындағы ойын алаңшаларының тоқтап тұрғанын айтып, жазғы демалыс кезінде балалардың еркін ойнауына мүмкіндік жасау мақсатында бұл нысандарды қайта іске қосуды сұрады. Аудан әкімі Алмас Абаев аталған ойын алаңшаларының заңдылығын алдымен нақтылап, оларды қайта пайдалануға беру мүмкіндігін қарастыратынын жеткізді.

Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауға келген Нұрсат шағын ауданындағы №22 үйдің тұрғыны тұрғын үйде негізінен әлеуметтік осал топ өкілдері тұратынын айтып, шатырды жөндеу қажеттігін көтерді. Бұл мәселеге жедел назар аударған әкім тұрғын үйдің шатырын өз қаражаты есебінен жөндеп беруге дайын екенін айтты.

Қабылдау барысында бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, заңсыз кәсіпкерлік нысандары және басқа да өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар мен шағымдар тыңдалып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Мұндай қоғамдық қабылдаулар тұрғындардың билікпен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік беріп, өзекті мәселелерді жедел шешуге жол ашады. Қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелердің көпшілігі әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Аудан әкімінің тұрғындардың мәселелерін шешуге деген ынтасы мен жанашырлығы халықтың билікке деген сенімін арттырады. “AMANAT” партиясының қоғамдық қабылдаулары алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, тұрғындардың күнделікті өміріндегі қиындықтарды азайтуға көмектесетін болады. Бұл шаралар аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға зор үлес қосады.