ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған республикалық штаб мүшелері Дархан Мыңбай, Құдайберген Ержан, Қайнар Абасов және Сырым Ертаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары жалғасуда. Штаб мүшелерінің өңірге келудегі негізгі мақсаты — Конституциялық түзетулер жобасын жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру және референдумды қолдауға шақыру. Сондай-ақ олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, талқылау.
Бүгін штаб мүшелері Түлкібас ауданына барып, халықпен ашық аспан астында кездесулер өткізді. Т.Рысқұлов ауылында мәдениет саласының қызметкерлеріне жалпыхалықтық референдум өткізудің алғышарттарын, ұсынылған реформалардың ерекшеліктерін, демократиялық түрленудің маңызын қарапайым әрі түсінікті сөздермен жеткізді. Онда ауыл шаруашылығы субсидиялар ауқымын көбейту, ағын су тапшылығы сөз болып, ұсыныстар айтылды. Мичурин ауылдық округінде шаруалар және кәсіпкерлермен еркін пікірталас өтті. Мұнда да Конституциялық түзетулер жайы талқыланды. Кездесуде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары ауыл-аймақты аралау барысында халықтың жаңа өзгерістерге деген көзқарасы оң екенін жеткізді.
- Ықпалды Парламент — халықпен жақындасудан басталады. Біз халықтың айтып отырған проблемаларын ортаға шығаруымыз керек. Бүгін халықпен етене сөйлесіп, 5 маусымда өтетін референдум мәселесін пікірлесуге келдік. Жалпы облыста халықпен кездесу барысында көтерілген бірнеше мәселелерді ерекше атап өтуге болады. Соның ішінде әйел азаматтарының зейнет жасын қысқарту барлық жерде көтеріліп жатыр. Бұдан бөлек жайылым жер тапшылығы, өнеркәсіп орындарын ашу, субсидия алу, агро банк құру төңірегінде ұсыныстар айтылды. Жалпы бұл референдум шын мәнінде әділетті Қазақстан құру жөніндегі саяси реформаларды жүзеге асырудың алғышарты, — деді Д.Мыңбай.
Мәжіліс депутаттары ауданға сапары аясында облыс әкімі Ө.Шөкеевпен де кездесіп, республикалық штабтың жұмысы жайлы ақпараттармен бөлісті. Атап өтерлік, 6 мамыр күні облыстық партия филиалы жанынан 18 штаб құрылып, 1132 іс-шарадан тұратын желілік кесте бекітілді. Бүгінге дейін жалпы 446 іс-шара өткізіліп, кездесулерде 17420 адам қамтылды. Ал Мәжіліс депутаттарының өңір бойынша 197 іс-шараға қатысуы жоспарланған. Аймақта республикалық штабтың жұмысы мамыр айының 12-не басталып, шалғай елді мекендерді аралау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары маусым айының 3-не дейін жалғасады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі