Индустрияландыру әлеуметтік мәселелерді шешіп, табысты арттыру үшін ғана емес, сондай-ақ азаматтардың жаңа ментальдігін қалыптастырып, заман талабына бейімдеу үшін де маңызды. Ал бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі фактордың бірі.
Шымкент қаласында 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Соның бірі «Тассай» индустриалды аймағы. Бұл аймақта 50,7 млрд. теңгеге 2,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнымен 43 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 36,7 млрд. теңге инвестиция тартыла отырып ашылған 24 зауыт-фабрика нақты өнімдерін шығарып жатыр. Онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылған. «Тассайда» биыл 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық құны 7,4 млрд. теңге құрайтын бұл жобалар 290 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл аймақты ашуға бюджет әр 1 теңге қаржыға 35 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы, «Тассай» индустриалды аймағы ашылғалы бері онда жұмыс істеп жатқан компаниялар бюджетке 6,8 млрд. теңге салық төлеген.
«Тассай» индустриялық аймағында 2 га аумақта «Asia Trafo» – қазақстандық «Alageum Electriс» электр машина жасау саласындағы жетекші өндірушісі құрамына кіретін, Орталық Азиядағы кернеуі 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА дейінгі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт орналасқан.
Зауыт 2018 жылдың желтоқсанында іске қосылды. «AsiaTrafo» 250 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Ұйымның өз қызметкерлерінің қабілеттілігін дамыту негізгі факторлардың бірі болып табылады. Сондықтан жаңа қызметкерлерді оқыту, өндірістегі қызметкерлердің біліктілігін арттыру қолға алынған. Біліктілікті арттыру үшін Украина мен Ресейден шетелдік мамандар шақырылды.
Зауыттың негізгі шығарылатын өнімдері автотрансформаторлар, күштік май трансформаторлары, сондай-ақ қуаты 500 МВА дейінгі кернеуі 110, 220, 500 кВ реакторлар болып табылады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 12 000 МВА-дан асады.
Зауыт өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар шетелде де сұранысқа ие. Қазақстанның Шымкент, Түркістан, Павлодар, Өскемен, Ақтау, Қарағанды, Атырау, Астана сияқты трансформаторлық қосалқы станцияларында орнатылды. AsiaTrafo жыл сайын ТМД нарығына, сондай-ақ Грузия мен Украинаға кернеуі 110 кВ және одан жоғары трансформаторлық жабдықтардың экспорттық жеткізілімдерінің санын көбейтуде.