Шымкент қаласында биыл 6-шы рет ұйымдастырылған “Shymkent Marathon” ауқымды спорттық іс-шарасы мәресіне жетті. Бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан астам адам қатысты. Сайысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия және еліміздің басқа өңірлерінен, жалпы 60-тан астам қаладан қатысушылар тіркелген. Сайысқа тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын кез келген тұрғындар, спорт жанкүйерлері бақтарын сынауда.
Биыл 7 дистанция бойынша сайыстар өтті. Атап айтқанда, қатысушылар жеті қашықтықтың бірін таңдады. Олар бастауыш (5 км), жүгіруші (10 км), жартылай марафон (21 км), марафон 42 шақырым бойынша және скандинавиялық жүрістен(5 км), сонымен қатар, Экиден (42 шақырымдық эстафета) және мүмкіндігі шектеулі балалалар арасында жеңімпаздар анықталды.
Сонымен, Шымкент марафонында 42 шақырымды 73 адам, 21 шақырымды 227 адам, 10 шақырымды 526, 5 шақырымды 1089 адам жүріп өткен.
Марафонның басты қашықтығы — 42 шақырым бойынша ерлер арасында Ержан Жанарстанов (18-29 жас), Павел Солодов (30-39 жас), Алмас Баймұхамедов (40-49 жас), Абдурашид Бахтиев (50-59 жас), Серік Сексембаев (60-69 жас) үздік шықса, әйелдер арасында Диана Айдосова (18-29 жас), Олеся Алексеева (30-39), Ольга Машинская (40-49 жас), Нелли Медведева (50-59 жас) топ жарды.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов бұқаралық жүгіру сайысында топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, марапаттарын табыстады.
Жеңімпаздарға ақшалай және марафонның демеушісі «Эврика» сауда желісінің бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Еске сала кетсек марафонның жүлде қоры – 14 000 000 теңге болатын.
Бәріміз жабылып бұқаралық спортты дамытуға ат салысайық ағайын.