TITF–2025: Түркістанда 432,2 млрд теңгенің 7 меморандумы жасалды

TITF–2025

Түркістан облысына инвестиция тарту, өңір экономикасын әртараптандыру және өндіріс саласын дамыту бойынша жаңа жобалар қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Осы мақсатта Түркістан қаласында ауқымды инвестициялық форум өтті.

2025 жылғы 24–25 қарашада Түркістан қаласында өткен TITF–2025 халықаралық инвестициялық-туристік форумы өңірдің экономикалық болашағына жаңа серпін берді. Форумға отандық және шетелдік инвесторлар, ірі компаниялар мен жергілікті әкімдік өкілдері қатысты. Негізгі мақсаты — Түркістан облысының инвестициялық, өндірістік және туристік әлеуетін көрсету, және сол арқылы өңірге жаңа инвестициялар тарту еді.

Халықаралық басқосуға әлемдік деңгейдегі көшбасшы компания өкілдері мен отандық кәсіпкерлер қатысып, өңір дамуына серпін беретін жаңа жобалар аясында меморандумға қол қойылды.

Іс-шараны ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығы белсенді атсалысып, үлес қосты.

Қазақстан Республикасының Бас консулы Қыраубаев Жошыхан Асылбекұлы Қытайдың Шэньси және Сычуань провинцияларынан келген ресми және бизнес делегациясын бастап келді.

Халықаралық форум «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақырыбында панельдік сессияға ұласты. Маңызды жүздесуде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарға қашан да қолдау болатынын айта келе, мақұлданған жобалар төңірегінде бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.

– Облыс орталығында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық форумға қош келдіңіздер! Бүгінгі форум өңір дамуын көркейте отырып, өндіріс саласындағы тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін іскерлік алаң. Сіздерді облысты жан-жақты дамытуға, экспорт көлемін ұлғайтуға әсіресе өнеркәсіп саласын дамыту жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын! Осы тұста бүгін бірқатар маңызды жобалар мақұлданып, жүзеге асыру жолдары зерделенуде. Алдағы уақытта аймақтың өндіріс саласы жоғары деңгейде дамиды деп сенемін, – деді облыс басшысы Н.Көшеров.

Жиын барысында жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда, құны 75,3 млрд теңгелік Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру жөніндегі жобасы, джинс матасын өндіру, ілмек және мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жобасы, жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру бағытындағы  инвестжобалар мақұлданды.

Мұндағы мақсат – халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, облыстың өндірістік әлеуетін әрі қарай дамыту.

Айта кетейік, жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде арнайы аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем өндіру және өсімдік майын өндіру жобаларын іске асыру көзделуде.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл форум, ресми сапарлардың жалғасы ретінде іскерлік алаңға айналған. Форумда мақұлданған жобалар өңір экономикасын ұдайы дамытуға және өндірістік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. 

TITF–2025 форумы — Түркістан облысының экономикалық дамуындағы маңызды кезең. 432,2 млрд теңгеге 7 меморандумға қол қойылуы, өңірге жаңа инвестициялар тартудың және өндіріс, ауыл-шаруашылық, туризм салаларын дамыту жолындағы нақты қадамдардың бастауы. Егер аталған жоба-кепілдіктер орындалса, бұл — жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға, жалпы экономикалық өсімді жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, форум — инвесторлар мен билік арасындағы сенімділік пен ынтымақтастықтың нығаюына, халықаралық серіктестіктің кеңеюіне ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде, Түркістан облысын өндірістік-экономикалық даму бағытындағы басты аймақтардың біріне айналдыруға жол ашады.