Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «VICAT» тобының Президенті Ги Сидоспен онлайн форматта кездесті. «VICAT» тобы өңірдегі «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» ЖШС-іне иелік етуде. Кездесу барысында қос тарап зауыттың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспары бойынша пікір алмасты.
Алғашқыда зауыт жылына 1,2 млн тонна цемент өндірген. 10 жылда өндіріс көлемі 1,6 млн тоннаға жеткен. «Jambyl Cement» атты брендке ие өнім қазірде ішкі нарықпен қатар шетелде де сұранысқа ие. 750-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отыр.
— Қазіргі уақытта біз жаңа технологияларды пайдалана отырып, өндіріс көлемін одан әрі арттыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, зауыт жұмысында баламалы энергия көздерін қолданып, тұрмыстық қалдықтарды жоюға ат салыспақ ниетіміз бар,- дейді «VICAT» тобының Президенті Ги Сидос.
Зауыт қызметкерлерінің жалақысы уақытылы төленіп, олардың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалуы керек. Осыны қадағалуды меңзеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Француз компаниясының басшысын әлеуметтік жауапкершілік аясында бірқатар шараларға ат салысуға шақырды.
— Өндіріс ошағын жергілікті билік барынша қолдауға әзір. Біздің өңірде ірі компаниялар Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында игі шараларға белсене араласуда. Осы ретте сізді Таразда мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталықты ашуға ат салысуға шақырамын,- деді аймақ басшысы.
Ги Сидос бұл ұсынысты қабылдап, әлеуметтік нысанның құрылысына міндетті түрде компания қатысатынын жеткізді.