«YNTYMAQ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамы жаңа ұйыммен толықпақ

                   

          «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамы жаңа ұйыммен толықпақ. Бұл жайында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев «Kameya Clinic» медициналық орталығының қызметкерлерімен кездесуінде мәлімдеді.  Жиын барысында клиниканың еңбек ұжымы «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамына кіріп, кәсіподақтың мүшесі болуға ерікті түрде ниет білдірді. Бүгінгі күні орталықта жергілікті 100-ден аса адам жұмыспен қамтылған.        

Кездесуде кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы кәсіподақтардың негізгі мақсаты еңбеккерлердің әлеуметтік және еңбек құқығын қорғау, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, жазатайым окиғаларды болдырмау, ұжымдық шарттың орындалуын бақылау, еңбек жалақыларына мониторинг жасау, қызметкерлердің денсаулығын жақсартуды ұйымдастыруға қолдау көрсету екендігін атап өтті.Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау бойынша аумақтық кәсіподақ бірлестігінің ғимаратында Татуластыру орталығы жұмыс жасап жатқандығын және ондағы мақсат жұмыс барысында туындаған дауларды медиация жолымен сотқа жеткізбей шешу мәселесі қарастырылғанын айтты.

         «Кәсіподаққа мүше болған еңбеккерлердің сенімін ақтау – басты міндетіміз. Осы бағытта аянбай қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Бүгінгі күні еңбек адамының құқықтары мен мүдделерінің заң шеңберінде қорғалуы және еңбек дауларының әділ шешілу жолында әлбетте кәсіподақтың атқаратын рөлі зор. Яғни, кәсіподақ жұмыс беруші мен жұмысшының арасында дәнекер қызметін атқарады,»- деді Бауыржан Ілімшеұлы.

         Орталық қызметкерлері АКБ төрағасынан кәсіподаққа кіру жолдары мен кәсіподаққа төленетін жарнасы туралы сұрап, алдағы уақытта мүшелікке кіру құжаттарын дайындап беретінін жеткізді. Мемлекет басшысы еңбеккерлердің құқығы бірінші орында тұруы тиіс деген болатын. Кәсіподақ қызметі еңбеккерлердің құқығын қорғауда алдыңғы шепте.

Ntime.kz