“Zima” түнгі клубында тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталды

Zima

Шымкентте тұрғындардың шағымы бойынша «ZIMA» түнгі клубының жұмысын тоқтату бойынша нұсқама берілді. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы Қаратау ауданы, Нұрсәт шағынауданындағы Бәйдібек би даңғылы №36А мекенжайында орналасқан ғимаратқа (бұрынғы «Шахан», «Sultan» супермаркеті) жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында бұл нысан қайта жабдықталып, «ZIMA» атауымен түнгі клубқа айналғаны анықталды. Аталған мекенжайдағы жер учаскелерінің (кадастр нөмірлері: 19:309:001:466, 19:309:001:467 және 19:309:001:468) нысаналы мақсаты – әлеуметтік-мәдени тұрмыс объектілерін жобалау мен салу болып белгіленген. Алайда жалпы ауданы 1359 шаршы метрді құрайтын, іргетасы бетон, қабырғалары кірпіштен қаланған, төбесі металмен жабылған бір қабатты ғимарат қайта жаңғыртудан өтіп, көпфункционалды дүкен ретінде емес, түнгі клуб ретінде пайдаланылған. Мұнымен қоса, ішкі үй-жайлар толық өзгертіліп, ғимараттың бастапқы мақсатына сай келмейтін функционалдық өзгерістер жасалған.

Рұқсат беру рәсімдерін сақтамай, жоба-сметалық құжаттамасыз және сараптамадан өтпей жүргізілген бұл құрылыс жұмыстары техникалық және авторлық қадағалаусыз жүзеге асқан. Осыған байланысты нысан иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабы және 463-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Басқарма тарапынан нысанның жұмысын тоқтату туралы нұсқама берілді.