Ардагерлер  мен зейнеткерлерге шипажайға жолдама берілді

Ардагерлер

Шымкент қаласында зейнет жасындағы азаматтардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау мақсатында түрлі қолдау шаралары жүргізіліп жатыр. Қалалық Мәслихаттың шешіміне сәйкес, жыл сайын зейнеткерлерді санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету мақсатында шипажайға 5 000 жолдама беріледі. Оған қоса, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 70 орынға лайықталған «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені ашылғаннан кейін жылына тағы 2000 зейнеткерді сауықтыру шипажайымен қамту мүмкіндігі туды. Осылайша қаламызда жалпы 7000 ардагер мен зейнеткердің шипажайда сауықтыру емін қабылдауына жағдай жасалып отыр.

Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 4 шипажаймен келісім-шарт түзілді. Олар Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі», Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» және қала ішіндегі «Денсаулық» шипажайы. Бұл шипажайларға 10 айдың қорытындысымен 6 220 жолдама берілді. Оның ішінде «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде 1 655 зейнеткер сауықтыру емін алды.

Қазір жолдама беру кезегі geo-shym.kz порталы арқылы автоматтандырылған. Үйден шықпай-ақ порталға тіркелеуге және кезек ретін ЖСН нөмірі мен тегін жазу арқылы бақылауға болады.

Сонымен қатар, қаламыздағы 1935 ардагерге «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента», «Айқын» газеттер, «Ардақты ардагер» басылымдарына тегін жазылу үшін келесім-шарт түзілген.

Айта кетейік, қазіргі таңда қалада 94 664 зейнеткер тіркелген. Оның 2-і ҰОС ардагері, 1 687-і тыл еңбеккері. Сонымен қатар, 66 264 көп балалы ана мен 13 589 «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған аналар бар.