Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қаламызда Қазақстанның халық әртісі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіш-бюсті салтанатты түрде ашылды.«Қазақ вальсі королінің» ескерткіш-бюсті қалалық Мәдениет үйінің фойесіне қойылды. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа Шәмшіні насихаттау мақсатында ескерткіш жанынан «Шәмші бұрышы» ашылды. Онда ұлы композитор туралы кітап және сурет көрмелері қойылған.Салтанатты іс-шараға қала тұрғындарымен қатар, Алматыдан келген бір топ зиялы қауым өкілдері де қатысты. Атап айтқанда, Мұрат Әуезов пен Д.Қонаевтың немере інісі Дияр Қонаев, генерал Аман Шабдарбаев, қоғам кайраткері Сәбетбек Еркінбай, ғылым докторы Алуа Таңжарықова, Қонаевтың жеке дәрігері болған Ахат Әминұлы және жазушы, қоғам қайраткері Серғазы Есімбетов сынды елге танымал тұлғалар Арысқа арнайы ат басын бұрды.Салтанатты шарада сөз сөйлеген қала әкімі Гүлжан Құрманбекова арыстықтардың ерекше ықыласына бөленген ұлы композитор туралы ақжарма тілегін жеткізді.«Әнімен кең даланы тербетіп, Қазақ вальсінің королы атанған, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың Арыс тұрғындары үшін алатын орны ерекше. Оның әндерін естігенде арыстықтар ән ырғағына қосылып, еріксіз қол соға бастайды. Ән падишаһы атанған, қайталанбас дарын иесінің есімін ұлықтау – бізге артылған абыройлы міндет», – деді Гүлжан Мамытқызы.Салтанатты шара соңы қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.Айта кетейік, ескерткіш-бюст авторы – Арыс қаласының тумасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші Тілеуберді Бинашев өнер туындысын қаланың 65 жылдық мерейтойына орай сыйға тартты.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі