Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова 100 жасқа толған кейуананың үйіне арнайы барып, құттықтады. 1922 жылдың 8 наурызында дүниеге келген Бибайша Тостанбекқызы 2 ұл, 2 қызынан – 17 немере, 59 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отырған жан. Бір қызығы, жүзге келген кейуананың кенже ұлы – Қалдарбек Наматуллаұлының өзі келер жылы зейнетке шығады екен. Ал әженің өзі бүгінгі таңда үлкен ұлы – Рахматтулланың қолында тұрады. Оның жасы – 73-те. Тағы бір қызық дерек, Бибайша әже 55 жылдан бері зейнетақы алып келеді. Бүгінде ол соғыс ардагеріне теңестірілген тыл ардагері.Айта кетейік, Бибайша әженің зайыбы – Наматулла қария ғасыр ауысқан шақта, яғни 2000 жылдары бақиға аттаныпты.Өмірін еңбекпен өрнектеп, бала тәрбиесіне де жіті көңіл бөлген кейуана жұмысшылық қызметтен бастап, депутаттық лауазым иемденуге дейін көтерілген. Оның көп жылғы адал еңбегі бағаланып, әр түрлі награда, медальдармен марапатталған.Қала әкімі құрмет көрсеткен келесі ана Назгүл Әсілова болды. 1932 жылы дүниеге келген ол 11 баланы дүниеге әкелген Батыр ана. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда еткен еңбегі үшін Тыл ардагеріне теңестірілген аяулы ана бүгінде 6 ұл, 5 қызынан – 52 немере, 58 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр.Айрықша қызығы сол – 90 жасқа толған Назгүл әженің тұңғышы – Тәңірберген Рахманұлы осы күнде 70 жасқа қадам басқан қария. Ал кенже ұлы – Кенжебек 1978 жылы туған. Үлкен немересі Мақсатяр Тәңірбергенұлы болса – 47 жаста. Сондықтан да кейуана немерелерінің ең үлкені Мақсатиярды өз бауырына басқандықтан, оған әлі күнге дейін «ұлым» деп қарайды.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі