Қазақстан Республикасының Конституция күні – халқымыз үшін ең қастерлі мерекелердің бірі. Ата Заңымыз – Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекетіміздің дамуы мен қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі. Ол – әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғап, бейбіт өмір сүрудің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат.
Осы айтулы күн аясында Қаратау ауданы әкімдігі мен «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шымкент қаласы прокуратурасымен, аудандық полиция басқармасымен және кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып, арнайы мерекелік жиын ұйымдастырды. Шара барысында аудан аумағының тазалығын қамтамасыз етіп, абаттандыру жұмыстарына күнделікті үлес қосып жүрген коммуналдық сала қызметкерлері марапатталды.
Жиында аудан әкімі Алмас Абаев тазалық саласында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады. «Қала тазалығы – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Көшелеріміздің реттелуі, аулалардың тазалығы, қоғамдық орындардың көркейіп тұруы – барлығы да сіздердің маңдай тер еңбектеріңіздің арқасы. Конституция күні қарсаңында еңбектеріңіздің еленуі – сіздерге деген шынайы құрметтің белгісі», – деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада бірнеше қызметкерге аудан әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді. Олардың қатарында жылдар бойы қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосып келе жатқан, сондай-ақ жауапкершілігімен көзге түскен қызметкерлер бар. Бұл – ұжым үшін үлкен мәртебе әрі еңбектің қоғам тарапынан мойындалуы.
Марапат иелері де өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да қаланың көркеюіне үлес қоса беретіндерін айтты. «Еңбектің бағалануы – біз үшін үлкен қуаныш. Мұндай қолдау бізді одан әрі ынталандырып, тұрғындарға таза әрі жайлы орта қалыптастыруға серпін береді», – деді коммуналдық мекеме өкілдері.
Мерекелік басқосу ұжымға ерекше рухани қуат сыйлап қана қоймай, тазалық саласы мамандарының қоғам үшін маңызын айшықтап берді. Конституция күні қарсаңында өткен бұл шара – еңбек адамын дәріптеп, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталған игі қадам болды.