Ата заң — әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі

Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң — мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуы, дамудың қайнар бастауы дей аламыз.
Мемлекетіміз бен қоғамымыздың дамуындағы өзгерістер — демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі — Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылатынын білеміз.
Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат биыл 27 жасқа толып отыр.
Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, мұны аз деп те көп деп те айту қиын. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді.
Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналатынын айтуда. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдіретіні анық. Тарихымызға үңілетін болсақ, тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын». Осылайша, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылды.
Алғаш қабылданған 1993 жылғы Конституцияның мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл Негізгі құжат Елбасының көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болатын. Оның біріншісі — мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден — экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден — жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден — ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата заңда көрсету. Сөйтіп, уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды.
Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Негізгі заң — Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заң екі қайтара түледі. Өйткені 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын. Күні кешегі тарихи оқиғаларға жүгінсек, жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды.
Демек бүгінгі біздің басты мақсатымыз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап — Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.
«Конституцияны қатаң ұстану — бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі
Біздің ендігі міндет — Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек.
Елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – ол өзіміздің ата заңымыз. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілген. Ата заңымызға құрмет көрсету бізге парыз құрметті әлеумет.

Арыс аудандық сотының бас маманы
Ә.Уйсимбаев