Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – ол өзіміздің ата заңымыз. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілген.
Мемлекетіміз бен қоғамымыздың дамуындағы өзгерістер — демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі — Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылатынын білеміз. Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат биыл 29 жасқа толады.
Бүгінгі біздің басты мақсатымыз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап — Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.
Сайрам аудандық мәдениет үйінде «30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне» орай салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара қатысушылардың Мемлекеттік Әнұранды орындауымен және көк байрағымыздың салтанатты түрде тұғырға қойылуымен басталды. Ата Заңымыздың мерейін асыруға арналған шараға мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау қызметкерлері, аудандық мәслихаттың төрағасы және мәслихат депутаттары, аудандық «Amanat» партиясы филиалы мен бастауыш партия ұйымы және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Маңызды кеш барысында аудан әкімі Арман Сәбитов жиынға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді. Өз сөзінде:
— Сіздерді еліміздің мәні бөлек мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын, демократиялық жолын сипаттаған Конституцияны құрметтеу және қастерлеу – біздің басты борышымыз саналады. Қазіргі таңда еліміздің қарышты және серпінді дамуына сайрамдықтар да өз үлестерін қосуда. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өсу көрсеткіші күн сайын артып, тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін қажетті мүмкіндіктер қарастырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы да Ата Заңымызда айқындалған заңнамаларға сәйкес жүргізіліп жатқаны белгілі. Баршаңызды Конституция күнімен тағы да құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ынтымақ пен бақ-береке тілеймін! Ата заңымыз айбынды, егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Отанымыздың дамуы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын! — деді Арман Сәбитұлы.