Атқарушылық құжаттар мәжбүрлеп орындатуға мынадай мерзiмдерде:
1) сот актiлерi негiзiнде берiлетiн сот бұйрықтары мен атқарушылық парақтар, — үш жыл iшiнде;
1-1) «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының шешімдері негізінде берілетін атқару парақтары – үш жыл ішінде;
2) төрелiктiң шешiмдерiн, халықаралық және шетелдік төреліктердің шешімдерін мәжбүрлеп орындату туралы соттың ұйғарымы негiзiнде берiлетiн атқару парақтары – үш жыл iшiнде;
3) соттардың әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ic бойынша шығарған қаулылары — егер заңда өзге мерзiмдер белгiленбесе, бір жыл iшiнде;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) қаулылары, — бір жыл iшiнде;
4-1) «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының талап қоюды қамтамасыз ету туралы бұйрықтары – сот бұйрық шығарған күннен бастап бір жыл ішінде;
6) әкімшілік жаза қолдануға уәкілеттік берілген орган (лаузымды адам) берген айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамалар – бір жыл ішінде;
6-1) атқарушылық жазбалар – үш жыл ішінде берілуі мүмкін.
7) мемлекеттік сот орындаушысының атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы қаулылары – үш жыл ішінде;
8) сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер жасау кезінде келген шығыстарды өтеу туралы қаулылары – үш жыл ішінде;
9) жеке сот орындаушысының өз қызметіне төленетін ақы сомаларын бекіту туралы қаулылары – үш жыл ішінде;
10) соттың қылмыстық іс бойынша шығарылған мүлікке тыйым салу туралы қаулылары – бір жыл ішінде;
11) қылмыстық теріс қылық және (немесе) қылмыс үшін айыппұл өндіріп алу туралы атқарушылық парақтар үкім заңды күшіне енгеннен кейін:
қылмыстық теріс қылық үшін сотталған кезде бір жыл ішінде;
онша ауыр емес қылмыс үшін сотталған кезде үш жыл ішінде;
ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталған кезде алты жыл ішінде;
ауыр қылмыс үшін сотталған кезде он жыл ішінде;
аса ауыр қылмыс үшін сотталған кезде он бес жыл ішінде орындауға ұсынылуы мүмкін;
12) жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама – үш жыл ішінде;
13) жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрықтары үш жыл ішінде ұсынылуы мүмкін.
1-1. Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген құжаттарды қоспағанда, атқарушылық құжаттар заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күнінен соң мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкін.
2. Аталған мерзiмдер:
1) сот актiлерiнің негiзiнде берiлген атқарушылық парақтарды мүлiктi өндiрiп алу бөлiгiнде орындау кезiнде — сот актiсi заңды күшiне енген не сот актiсiн орындаудың мерзiмiн кейінге қалдыру немесе ұзарту кезiнде белгiленген мерзiм аяқталғаннан кейiнгi күннен бастап, ал сот актiсi дереу орындалуға тиiс болған жағдайларда — шешім шығарылғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) төрелiктiң шешiмдерiн, халықаралық және шетелдік төреліктердің шешімдерін мәжбүрлеп орындату туралы соттың ұйғарымы негiзiнде берiлген атқару парақтарын орындау кезiнде – шешiм күшiне енгеннен кейiнгi күннен бастап;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша шығарылған сот қаулыларын орындау кезiнде, — қаулы шығарылған күннен бастап;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулысын орындау кезiнде, — мәжбүрлеп орындату туралы шешiм қабылданғаннан кейiнгi күннен бастап;
5) қалған барлық атқарушылық құжаттар бойынша — олар берiлгеннен кейiнгi күннен бастап есептеледi.
3. Мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы (алименттер өндіріп алу туралы, жарақат алумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен және басқадай келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша) шешімдердің негізінде жазылған атқарушылық құжаттар төлем жасауға берілген барлық уақытта күшін жоймайды. Мұндай жағдайларда мерзім әрбір төлем үшін жеке есептеледі.
Түркістан облысы Әділет департаменті Атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы М.Амирханов