Аудан әкімі Арман Сәбитов Қарасу ауыл округін аралап, елге ортақ бірнеше мәселелерге қанықты. Солардың бірі — аудан көлеміндегі Жаңақұрылыс аумағындағы инфрақұрылым желілерін тарту мәселесі.
Ең алдымен аудан басшысы Әйтеки би ауылындағы 14 гектар Жаңақұрылыс аумағының өзекті мәселелерін көрді. Бүгінде елді мекен тұрғындарын толғандырған проблема – электр жарығы. Бұл ретте аудан әкімі Арман Сәбитов ТҮКШ бөліміне кешіктірмей жыл соңына дейін бағаналарды орнатып, жаңа электр жүйесін салуды тапсырды. Бұл өз кезегінде элект жарығы мәселесі шешілетіндігін аңғартады.
Аралау барысында аудан басшысы Ақбай ауылы, М.Жәлел көшесінде болды. Бұл көшеге тұрғындар тарапынан асфальт жол салу мәселесі айтылған болатын. Аудан басшысы сала мамандарымен аралап зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Мұнан соң, А. Байтұрсынов көшесіндегі орташа құрылыс жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, жобада жаңадан асфальт жол салу, тротуар, электр бағаналарын жүргізу қаралған. А.Сәбитов бір ай көлемінде жұмыстарды ояқтауды тапсырды. Сметалық құны 103 млн. теңге. Аталған құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Алем Транс Жол» ЖШС жүргізуде.
Жауапты қызметтердің басшыларына әкім Арман Сәбитов барлық құрылыс жұмыстарының дұрыс болуын күн сайын қадағалап отыруы керектігін талап етті.