Ауғанстан Республикасынан Кеңес әскерлерінің шығарылуының 33 жылдығына орай Келес аудандық Ә.Кенжеев атындағы мәдениет үйінде “Ауғанның отты жалыны” атты іс-шарасы болып өтті. Шараға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Арын Тотиков, Қазақстан Республикасы Ауғанстан және жер-жердегі соғыс ардагерлері одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ахмет Жұмабеков және Ауған соғысы ардагерлерінің қатысты. Еліміздің Әнұранымен бастау алған шарада аудан басшысы Ақментай Үсенұлы соғыста ерлік көрсеткен жауынгердің рухына тағзым ету баршамызға ортақ іс екенін айтып, ардагерлерді аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. – Ауған соғысының аяқталғанына 33 жыл толғанымен, сол бір зұлмат жылдардың қайғы-қасіреті әлі де болса көптің көкейінде. Себебі, талай отбасын қан жылатқан, талай боздақтың артынан зар еңіреп қалғандар бұл күнді ұмытпақ емес. Сондықтан қыршын кеткен ерлердің ерліктеріне тағзым етіп, құрмет көрсету – біздің міндетіміз», – деді А.Есбаев. Ардагерлерге арналған кеш өнерпаздар өнерімен өрбіп, тақырыпқа орай әскери әндер шырқалып, көрініс көрсетілді. Өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміздің ерлігі өшпес өнеге.
Келес ауданы ішкі саясат бөлімі