Түркістан облысы полиция департаментінің азаматтарды қабылдау бөлмесінде Тәрбие және Кадр жұмысы басқармасының ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өтті. Аталмыш акцияның мақсаты — ішкі істер органдарына қызметке тұруға ниеті бар талапкерлерге бағыт-бағдар беру.
Іс-шараға 30-ға тарта жастар келді. Олар полицей болу үшін қандай құжаттарды жинау керегін, қандай мамандықтарға бос орындардың бар екенін біліп, кеңес алды.
«Түркістан облысы полиция департаменті бос орындарға конкурс жариялап, жасы 18-35 жас аралығындағы, жоғары білімі бар азаматтарды ішкі істер қызметкері қатарына қосылуға шақырады. Бұл шара жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға өз септігін тигізеді. Елдің нағыз патриоттарын қатарымыздан көргіміз келеді»,- деп атап өтті полиция полковнигі Әшімхан Мырзаханов.
Өз кезегінде облыс сақшылары ашық есік күніне қатысқандардың барлығына алдағы конкурста сәттілік тіледі.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі