Аудан әкімінің ауылдарды аралауы Ақбұлақ ауылынан басталды

Ақбұлақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аудан әкімдерінің тоқсан сайын тұрғындармен кездесуін көздейтін тұжырымдамасына сәйкес, аудан басшысы Арман Сәбитов Ақбұлақ ауылдық округін аралап, халықпен кездесу өткізуді бастады. Жиынға аудан әкімдігінің тиісті сала және дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың төрағасы Шамхат Халмурадов, аудан прокуроры Даулет Тлемисов және халық қалаулылары қатысты.

Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде халық сұранысын қанағаттандыруға басымдық берген аудан басшысы Арман Сәбитұлы тұрғындардың сауалдарын мұқият тыңдады. Атап айтқанда, азаматтар электр энергиясының жеткіліксіздігі, жайылым және тұрғын үй, сондай-ақ, газ құбыры жүргізілген жер телімдерін заңдастыру, «Аламан» каналының арнасына тазалық жұмыстарын жүргізу, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік жәрдемақы алу, жайлы мектеп, спорт кешені және амбулатория салу секілді өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

Бұдан бөлек, кездесуде аудан прокуроры Даулет Тлемисов жастардың қылмыстық құқық бұзушылыққа бой алдырмауының және азаматтардың интернет-алаяқтар құрбанына айналмауының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы көтерілген мәселелерді шешу бағытындағы жоба-жоспарларға жеке-жеке тоқталды. Барлық қойылған сауалдардың ескерусіз қалмайтынын айтып, ұсыныстарға байланысты қажетті шараларды атқару үшін тиісті бөлімдерге тапсырма жүктеді.

Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі