Қазіргі таңда инновациялық технологияларды дамыту жұмыстары қарқынды жүріп келеді. Интернет — байланыс араларын өзара біріктіретін, тораптардың жиынтығы. Интернет – бұл өзіне уникальды жетістіктерді толығымен жинаған технология. Интернет сонымен қатар ең күшті және тәуелсіз ақпарат қоры, байланыстың сенімді және оперативті тәсілі, жер жүзіндегі миллиондаған адамдардың шығармашылық түрде өзін-өзі көрсету және ақпараттық технологияларды дамыту негізі болып табылады.
Сондай-ақ, елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5G технологиясын енгізу жоспарланған. 5G жүйесі – мобильді интернет байланыстың өте жоғары жылдамдыққа ие келесі деңгейі. 5G желілерін дамыту операторлардың жұмысын ғана емес, сонымен бірге бүкіл салаларды түрлендіруге ықпал етеді. Мұндай байланыс қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді және «Ақылды қалалардың» интеллектуалды басқаруының арқасында адамдардың күнделікті өмірін айтарлықтай өзгертеді.
Шымкентте интернет және мобильді байланыс желісінің сапасын арттыруда тиісті жұмыстар жалғасуда. Қала аумағындағы байланыс желісін жақсарту мақсатында соңғы технологияға негізделген базалық станцияларды орнатуға басымдық берілуде.
Елдімекендерге «Кcell» АҚ-ымен бірлесе 5G технологиясымен 60 базалық станциясы орнатылды. Қазір Көкбұлақ 96/1 аумағында 5G базалық станциясының монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар келесі аптада аяқталып, базалық станция іске қосылады.
Алматы тас жолындағы «Сайман» сауда үйінің шатырында орналасқан станцияның жұмысы толығымен аяқталды. Аумақта тұрғындар 5G технологиясының артықшылықтарын арнайы смартфондар арқылы тегін қолдана алады. Қалалық цифрландыру басқармасының қызметкерлері осы бағыттағы жұмыстардың барысын жіті тексеріп, жыл соңына дейін қойылған жоспардың орындалуын жіті қадағалайды.