«Менің полициям» байқауы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өткізіліп, Қазақстан бойынша көптеген қатысушылардың басын біріктірді. Бұл байқаудан Түркістан облысы да шет қалмады, оған 20-дан астам 6-13 жас аралығындағы балалар қатысып, бақ сынасты.
Бір ай бойы балалар өз жұмыстарын әртүрлі номинацияларға бағыттады, ал комиссия мүшелері: өзіндік ерекшелігі, тақырыпқа тереңдік пен мағына беру, ойдың күрделілігі мен ерекшеліктері, сондай-ақ көркемдік шеберліктің негіздерін меңгеру сынды қасиеттерді бағалады.
Сонымен қатар республика көлемінде БАҚ өкілдері арасында «Погонды журналист» байқауы да ұйымдастырылып, барлық облыстар мен қалалардан қатысушылар полицияға қатысты шығармашылық жұмыстарын ұйымдастырып, туындыларын Полиция департаментінің баспасөз қызметі арқылы Ішкі істер министрлігіне жолдаған болатын.
«Погонды журналист» байқауына Түркістан облысынан «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі Айнұр Ақбаева, «Түркістан» телеарнасынан журналист әрі продюсер Айдос Игіліков, «Сақшы» газетінің корреспонденті Раушан Нарбек қатысып, полициядағы маңызды құрылымдардың бір күндік жұмысын өзіндік ерекшелікпен халыққа жеткізе білді.
Қаламы қарымды, сөзі салмақты БАҚ өкілдерінің туындылары ҚР ІІМ тарапынан оң бағасын алып, ІІМ Ержан Саденовтің бұйрығымен «Кәсібилік пен журналистік шеберлігі үшін», «Үздік бейне материал» дипломдарымен марапатталды.
Сонымен қатар «Менің полициям» байқауының нәтижесі бойынша Шардара мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы Бейсен Мұқағали Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Грамотасымен мадақталды.
Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов байқау жеңімпаздары болып танылған үздіктерге министрдің марапатын табыстап, қызметтеріне ізгі тілегін жеткізді.
Айта кеткен жөн, республика деңгейінде ұйымдастырылған бұл байқаулар жыл сайын өткізіліп, оған ниет білдірген қатысушылар қатары да артуда.