Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту жөнінде айтқан болатын.
Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керектігін, отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиістігін сөз етті. «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек», деді Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» заң жобасымен таныстырды.
Заң жобасында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспары көрсетілген. Журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау, сондай-ақ журналистердің артықшылықтарын кеңейту жөнінде жағдайлар жасау мәселелері де қозғалған.
Сонымен қатар, жобада бірқатар жаңа ұғымдар кездеседі. Мәселен, журналистке берілетін «баспасөз картасы» бар. Ақпарат саласындағы жұмыстарды, қарама-қайшылықтарды реттеу үшін кәсіби қоғамдық кеңес құру көзделген. Баспасөзге жазылуды, пошта қызметін субсидиялау, мемлекеттік тапсырыстарға грант енгізу мәселелері қамтылған. Журналистік сұрау салу мерзімін жеті күннен бес күнге қысқарту ұсынылған. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстегі «Журналистің жұмысына кедергі келтіру» бабын Әкімшілік кодекске ауыстыру мәселесі қарастырылып отыр.
Ұсынылып отырған жаңашылдықтар енгізілген құқықтық қатынастардың қандай да бір түрлерін реттеу нысанасын толық көлемде көрсетуге мүмкіндік беретін «мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралы», «мемлекеттік ақпараттық саясат», «масс-медиа», «грант», «субсидия», «корреспонденттік пункт», «Журналистердің құқықтары туралы Ұлттық баяндама» сияқты жаңа ұғымдарды енгізуді талап етеді» деп жазылған заң жобасының тұжырымдамасында.
Жаңа заң жобасын талқылау мақсатында Түркістан облысында бірнеше рет талқылау жиыны өтті. Жиындарда БАҚ өкілдері жаңа заң жобасына қатысты қызу пікір алмасты. Түркістан облысында қазіргі таңда жұмыс жүргізіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының саны — 71. Оның ішінде 48-і баспа БАҚ, 3-і журнал, 6-телеарна, 1-радио мен 13 интернет сайт бар. БАҚ-тарда мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізумен қатар, ауыл-аймақтағы түйіткілді мәселелерді анық та айқын көрсетіп те, жарияланып жатыр.
Ботагөз УӘЛИХАНҚЫЗЫ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі