Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласының №4 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына және қызметті алушылардың кедергісіз қызмет алуына Қоғамдық бақылау жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға қоғам өкілі ретінде қоғам белсендісі, республикалық «Уақыт талабы» газетінің Бас редакторы, «Ntime.kz» ақпараттық агенттігінің директоры Ж.Жайлыбаева қатысты.
Жұмыс барысында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалған жағдайларға, қызмет алушыларды қабылдаудың сапалы ұйымдастырылуына, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы мен т.б. мәселелерге қатысты мониторинг жүргізілді.
Осылайша, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің үлгілері ілінбегендігі анықталды.
Өз кезегінде, жұмыс тобының мүшелері аталған кемшіліктерді қалпына келтіру, қызмет көрсетуде жұртшылыққа қолайлы жағдай жасап, әр қызмет алушының мәселесіне мұқият қарау қажеттілігін жеткізді.
Сонымен қатар, бақылау барысында, мемлекеттік қызмет көрсетудегі бұзушылықтарды болдырмау, оларды жасауға ықпал ететін себептер, сондай-ақ, бюрократиялық мәселелер және оларды жою бойынша ұсыныстар айтылды.