Тараз қаласын жұмыс сапарымен кезекті рет аралау барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа мектептердің құрылысын және абаттандыру жұмыстарының жай-күйін барлады деп хабарлады Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.
Шалғай Қарасу ауданындағы 600 орындық мектептің құрылысын мердігер «Темірстройсервис» ЖШС жүргізуде. Мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстары 35 пайызға аяқталған десек, аумақта 70 адам еңбек етуде. Олардың орташа жалақылары – 200 мың теңге.
Қант зауыты ауданында орналасқан №22 мектепті пайдалануға бергенге дейін жоғары вольтты электржеткізгіш желісін ауыстыру мәселесін шешу қажет. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға 150-200 метр аумаққа жер асты желісін ауыстыру бойынша жұмыстар бюджетке қаншалықты шығын болатынына талдау жасап, есептеуді тапсырды.
Оқу ордасы жаңа оқу жылының басында есігін айқара ашпақ. Бүгінде тек ғимараттарды әрлеу, есіктерді орнату, сырлау, аумақты абаттандыру жұмыстары қалған.
Жаңа мектепте 40 кабинет, үлкен спорт залы, асхана, кітапхана орналасқан. Ал, ескі мектеп базасында мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығы ашылатын болады.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Таразға тарту» жобасын іске асыру жөніндегі өз тапсырмасынын орындалу барысын тексерді. Жоба аясында аудан әкімдіктері, басқармалар мен департаменттер бюджеттен тыс қаржы көздерін қарастыра отырып, облыс орталығын абаттандыруға жұмылуда.
Айталық, Абай және Байзақ батыр көшелерінің қиылысындағы аумақтар Меркі және Сарысу аудандарына тиесілі. Меркіліктер Байзақ батыр көшесіндегі қураған ағаштарды кесіп, стрит-воркаутқа алаңын салу ісін қолға алуда. Ал сарысулықтар медициналық орталықтардың бірінің алдында жасыл периметрді көркейтуге кіріскен. Қазыбек би көшесінің дәл ортасында, Ұлттық Банк филиалы ғимаратының жанында таластықтар еңбек етуде. Аумақ 0,47 гектарды құрайлы. Мұнда тас төселіп, қоқыс жәшіктерімен қамтылатын 15 орындық пен беседкалар орнату жоспарлануда. Аймақ басшысы №133 және 135 үйлердің қасбеттерін сырлауды тапсырды.
Сол секілді Шу, Мойынқұм және Жамбыл аудандарына Сейфуллин көшесінің бойындағы шағын аудандардағы аумақтар бекітіліп берілген. Бүгінде ол аумақтарда гүлзарлар мен жасыл желектерді жайластыру, тротуарларды реттеу, жарықтандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, арық науаларын жаңарту секілді жұмыстар жүргізілуде.
Қаратай Тұрысов көшесінде аумақты абаттандыру жұмыстарын Қордай ауданының әкімдігі мойнына алған. Мұнда әрқайсының ауданы 100 шаршы метрге дейінгі балалар алаңшасы мен воркаут алаңдарын салу көзделуде. 1,7 мың шаршы метрге тротуар плиткалары, 705 шаршы метрге асфальт төселінеді. Жасыл желек алаңы 7,4 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, жарық шамдар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, 420 метр арық науалары жаңартылмақ.
— Біздің басты міндетіміз – скверлерді, саябақтарды, жолдарды, аулаларды адамдарға барынша пайдалы әрі қолайлы тұрғыда абаттандыру. Қалада барынша жайлы орта қалыптастыру – Тараз басшылығының басты міндеті болуы тиіс, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.