Шымкент халық саны қарқынды өсіп жатқан қала санатында. Қаламызды заманауи білім орталығына айналдыру – уақыт талабы. Шаһардың басты байлығы – оның тұрғындары. Адами капиталды арттыру міндеті қаламыздың бес жылдық даму жоспарының маңызды тармағы ретінде енді.Алдағы бес жылдық кезеңде апатты, үш ауысымды мектептер мәселесі түпкілікті шешіліп, ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан мектептердің орнына типтік үлгідегі мектептер салынбақ.Осы жоспар аясында биылғы жаңа оқу жылында бір мезетте 20 жаңа мектеп іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 4 мектептің құрылысы аяқталып, оқушыларды қабылдайды.Білім беру ұйымдарының құрылыс қарқынын арттыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік оң нәтижесін беруде. Биылғы жылы құрылысы аяқталып, тапсырылған білім беру ұйымдарының ішінде 15 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде пайдалануға берілді.Осы санаттағы жаңа білім беру ұйымдарының бірі – «Abadan» жекеменшік мектебі. Ұйым 550 балаға білім беруге лайықталған. Қазір мұнда 350 оқушы білім алуда. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Оқушыларға қосымша сабақ ретінде ағылшын тілін тереңдетіп оқыту курстары ұйымдастырылған. Балалардың тұлғалық дамуын қамтамасыз етуде шахмат, домбыра, хореография, бейнелеу өнері сынды шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді.Оқу кешенінде 24 сыныптық кабинет оқу жабдықтарымен қамтылған, акт және спорт залдары, медициналық бекет және асхана бөлмелері қарастырылған. Мектептің педагог кадрларының әлеуетін 45 жоғары білікті мұғалімдерден құралған. Мұнда балалар жалпыға бірдей білім стандарты бойынша сабақ өтеді. Оқушылардың үлгерімі мен педагог кадрлардың біліктілік деңгейіне тұрақты негізде іске асатын бақылау жүйесі енгізілген.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі