Шымкент қаласында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Жергілікті сот орындаушылар тәртіп сақшыларымен бірігіп рейдтік шара ұйымдастырды. Тексеріс барысында айыппұлын немесе алиментін төлемей жүрген азаматтардың көліктері тоқталып, арнайы автотұраққа жабылды.
Полиция департаментінің жедел басқару орталығынан сергек камералары арқылы айыппұл төлеуден жалтарып жүрген азаматтар анықталып, көлігі тоқтатылды. Сот орындаушылар темір тұлпар тізгіндеушілерді арнайы қаулымен таныстырып, қарызын ерікті немесе мәжбүрлі түрде өндіру мәселесін қарастырды. Берешегін өтей алмағандардың көлігі айып тұрағына жабылды. «Борышкер» жедел-профилактикалық шарасының негізгі мақсаты — аудан көлемінде анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған әкімшілік айыппұлды ерікті түрде және мәжбүрлі түрде өндіру жұмысын жандандыру болып табылады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 893-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұлды қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 (отыз) тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс. Төленбеген жағдайда осы Кодекстің 894-бабына сәйкес, айыппұл салу туралы қаулыны немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) жауаптылыққа тартылған тұлғаның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен айыппұл сомасын мәжбүрлеу тәртiбiмен ұстап қалу үшiн ол жұмыс iстейтiн не сыйақы, зейнетақы, стипендия алатын ұйымның әкiмшiлiгiне жiбередi. Егер айыппұл салынған жеке тұлға жұмыс iстемейтін болса немесе басқа да себептер бойынша айыппұлды жалақысынан немесе өзге де табыстарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаса, қаулыны шығарған сот, уәкілетті орган айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы ҚР-ның заңнамасында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп орындату үшiн сот орындаушысына жiбередi.
Борышкерлердің қатарында алимент төлеуден қашып жүргендер де бар. Алайда мамандар оларға қатаң шара көрілетінін ескертеді. Қарызын 3 айдың ішінде төлемеген жағдайда жүргізуші көлігінен де айыру да қарастырылған екен. Алайда оны еститін құлақ болмай тұр. Айта кету керек, қыркүйектің 1-і мен қазанның 7-і аралығында 242 автокөлік тоқтатылып, 54-і арнайы автотұраққа қамалған. Автокөліктерді тоқтату барысында, жеке сот орындаушыларының өндірісіндегі атқару құжаттары бойынша барлығы 15 500 мың теңге жуық қаражат сол сәтте өндірілсе, автотұраққа қамалған автокөліктер бойынша жеке сот орындаушыларының орындауындағы құжаттардың қарыз берешектері 2 601 260 449 теңгені құраған.
Ntime.kz